Су тасқыны: Оқушының Мақтаарал жұртына арнаған өлеңі елдің жүрегін елжіретті
Жарияланған күні:
Түркістан облысы Жетісай ауданының тұрғыны Молдатайырова Лаура Мақтааралда су апатынан зардап шеккен халыққа өлең жолдарын арнады. Жасөспірім қыздың жүректен шыққан туындысы көпшілікке дем беріп, ерекше сезім сыйлаған деп жазады KAZ.NUR.KZ порталы.
Қоғалы ауылындағы N70 орта мектептің 11 сынып оқушысы шығарған өлең жолдары Whatsapp мессенджеріне кеңінен тарап жатыр.
Поезиялық туындыны оқыған тұрғындар жасөспірімнің ақындық қабілетіне жоғары бағаларын беріп, ел басына күн туғанда толғанысын өлеңмен жеткізген қыз балаға риза болуда.
Осы орайда редакция Молдатайырова Лаураның шығармасын назарларыңызға ұсынуды жөн көрді.
Апат айтып келмейді жылдам, баяу,
Мақтааралым күйзелді - көңіл қаяу.
Естігеннен су тасып бұлқынғанын,
Біреу қашты көлікпен, біреу жаяу.
Су шайып қанша ауылды қайғы болды,
Мектеп, мешіт- барлығы жанға толды.
Қайырымды, ақжүрек қазақ халқым,
Үйсіз қалған ағайынға пана болды.
Бұл да бір жаратқанның сынағы ғой,
Бұл жылы елді қатты сынады ғой.
Вирустан қынжылып ел отырғанда,
Тілсіз жау халқымды бір қинады ғой.
Қиындық келсе-дағы сағы сынбай,
Қоғалының ерлері жүр ғой тынбай.
Таңды-таңға жалғап еңбек етіп жатыр,
Туған жерін апаттан қорғап, қолдай.
Халыққа көмек беріп жатыр халық,
Елден, жерден бірігіп, бір жиналып.
Тәңірім қолдасыншы барлығыңды,
Қиын сәтте демеу болған, жайды танып.
Дұға-тілек тілейік Жаратқаннан,
Уайымсыз басталсыншы әр атқан таң.
Тілсіз жаудан сақ болайық, қорғанайық,
Жар болсын бәріңізге Хақ Тағалам!!!
Еске сала кетейік, бірінші мамыр күні Өзбекстандағы Сардоба су қоймасының бөгеті жарылып, салдарынан Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы бес елді мекенді су басты.
Бұл жағдайдан кейін Мақтаарал ауданында төтенше жағдай жарияланды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су басқан ауылдардың тұрғындарына жан-жақты материалдық көмек көрсетілетінін, Түркістан облысының бірде-бір тұрғыны назардан тыс қалмайтынын айтты. Ол үшін президент үкіметке тапсырма берген.
Сондай-ақ, еліміздің сыртқы істер министрлігі бұл жағдайға байланысты көрші елге дипломатиялық нота жолдамайтынын мәлімдеді.
Ал құрылыс саласындағы мамандар бөгеттің жарылуына су қоймасын салу кезіндегі коррупция себеп болды деген ойда.
Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1855746-su-taskyny-okusyny-maktaaral-zrtyna-arnagan-lei-eldi-zregin-elziretti/