Массаж салонындағы видеодан соң жұмыстан қуылған полицей өз шындығын айтты
Жарияланған күні:
Алматыдағы массаж салондарының бірінде соққыға жығылып, салон иелері тарапынан қысымға ұшыраған полицей Қуат Анашев жанайқайын айтты. Осыдан екі ай бұрын массаж жасатпақшы болған оның басы бәлеге қалып, салон иелерінің қоқан-лоққысынан соң дене жарақатын алады. Одан бөлек, Қуаттың қатысуымен болған видео желіде таралып, басшылары патрульді полиция қызметкерін жұмыстан босатқан. KAZ.NUR.KZ порталына сұхбат берген Қуат Анашевтің адвокаты Рустем Гаитов интернетті шарлаған шулы видеоға қатысты пікір білдірді. Адвокаттың айтуынша, салон иелері мұндай қадамға барғаны үшін заң алдында жауап беруі керек.
Естеріңізге сала кетейік, жақында полиция қызметкері Қуат Анашевтің қатысы бар видео желіде тарап кетті. Видеоны түсірушілер полиция қызметкерінің массаж жасаушы қыздардың бірін зорламақ болғанып айтып, оны соққыға жығып, қызметтік куәлігін тартып алған. Осыдан соң Анашевті жұмыстан босатқаны белгілі болды. Ал полицейдің адвокаты Рустем Гаитовтың айтуынша, бұл жердегі басты жәбірленуші – Қуат Анашев.
"Патрульді полиция қызметкері Қуат Анашев осыдан екі ай бұрын сырқатына байланысты массаж алмақ болған. Бұл оқиға карантин басталар тұста орын алған. Ол ешбір салон телефонға жауап бермеген соң, Бөгенбай батыр көшесі, 38 үйде орналасқан салонға жазылады. Массаж алуға барып, 15 мың теңге ақысын төлеген соң салон қызметкерлері оның толық шешінуін талап еткен.
Қуат мұның жай массаж емес, боди массаж жасайтын салон екенін сол кезде бір біледі.
Ол мұндай массаж жасатпайтынын айтып, дереу ақшасын қайтаруды талап етеді. Алайда, ақшадан оңай айырылғысы келмеген салон қызметкерлері түрлі қойылымдарын бастайды", - дейді адвокат.
Рустем Гаитов салон қызметкерлерінің полицейді қалай қорлағанын да айтып берді.
"Қуаттың полиция қызметкері екенін білген соң, салондағылар оған қоқан-лоққы жасай бастайды. Сол жердегі қыздардың бірін зорлады деп айып тағатынын, ешкім ешнәрсе дәледей алмайтынын айтып, оның қызметтік куәлігін тартып алған.
Одан бөлек, Қуатты соққыға жығып, қылғындырып, қалтасындағы елу мың теңгені де қолды қылады.
Есінен танып қалған Қуат есін жиғанда бір бөлмеде қамалып жатқанын түсінеді. Дереу көмек сұрап, өзін босатуды барында өтінеді. Сол кезде салон қызметкерлері өздері туралы ешкімге тіс жармайтын болса ғана, оны босататынын айтады. Әрине, Қуатта басқа амал қалмаған. Ол сол күйі салоннан сүйретіліп үйіне кеткен", - дейді ол.
Бұл оқиға жабулы күйінде қалмады. Мамыр айында полицейлер арнайы рейд жүргізіп, карантин кезінде жұмыс істеген екі боди массаж салонын әшкерелейді.
"Карантин кезінде заңсыз жұмыс істеп келген екі боди массаж салоны туралы халық естіді. Солардың бірі – екі ай бұрын Қуат барған салон болып шықты. Мұны полицейлер арнайы рейд кезінде анықтады, бұған Қуат Анашевтің еш қатысы жоқ. Алайда, салон басшылығы бұл жағдайға Қуатты кінәлап, оның қатысуымен болған видеоны желіде таратып жіберген.
Бұл адамгершілік тарапынан да ақтап алмайтын дүние. Видеоның басы да, аяғы да жоқ. Олар полицейді қалай ұрып-соққандарын, ақшасын тартып алғанын көрсетпеген. Шын мәнінде, Қуат боди массаждан бас тартып, 15 мың теңгесін қайтаруды ғана сұраған. Оқиға осылай өрбіп отыр", - дейді адвокат.
Рустем Гаитов төтенше жағдай кезінде аталған салонның екі рет әкімшілік жазамен құтылғанын айтады.
"Мен карантин кезіндегі заң бұзушылықтардың басы-қасында болдым. Қуат Анашевті соққыға жығып, куәлігін тартып алған салон екі рет карантин кезінде ұсталған. Алайда, екеуінде де жай ғана әкімшілік айыппұл төлеп құтылыпты. Одан бөлек, қоқан-лоққы көрсетіп, видеоға түсіріп алу әрекетін бұл салондағылар бұрын да қолданып келгенін анықтап отырмыз.
Ал полицей Анашевті аталған видео таралған соң жұмысынан қуды. Бүгінде іс жабылып қалды. Бірақ Қуат өз атын ақтау үшін аянбауда. Бүгінде біз бірнеше бап бойынша салон үстінен Медеу аудандық сотына арыз түсірдік. Олардың бірі – тонау. Қуаттан тартып алған 50 мың теңгені де ұмытпау керек", - дейді адвокат Гаитов.
Еске сала кетсек, осыған дейін жұмысынан босап қалған полицейдің массаж салонының үстінен арыз жазғанын жазған болатынбыз.
Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Instagram парақшамыздан оқыңыздар>>
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1855992-massaz-salonyndagy-videodan-so-zmystan-kuylgan-policej-z-syndygyn-ajtty/