Атырау облысында дауыл тұрып, мектептердің шатырын ұшырып әкеткен (фото, видео)
Жарияланған күні:
Атырау облысының Құрманғазы ауданындағы қос бірдей білім беру мекемесінің шатыры қатты желден ұшып кеткен деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы ҚР ІІМ төтенше жағдайлар комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметіне сәйкес, 16 мамыр күні Атырау облысында ауа райы құбылып, дауыл тұрған. Күшті желдің салдарынан Құрманғазы ауылындағы Мұхтар Әуезов атындағы мектептің шатыры бұзылған (ауданы 448 шаршы метр).
Дәл сол күні Сафоновка ауылында да осындай жағдай орын алды, жел Энгельс атындағы мектептің төбесінен соғып, шатырын ұшырған (ауданы 150 шаршы метр), сонымен қатар, көлік тұрағының шатыры да бұзылған (ауданы 180 шаршы метр).
Тағы бір оқиға Байда ауылының шекара заставасының аумағында болды. Ол жерде қазандық пен тәлімбақтың шатыры жыртылған (жалпы ауданы 118 шаршы метр).
Төтенше жағдайлар комитетінің мәліметінше, желдің екпіні 9 м/с дейін болған. Қуанышқа орай, ешкім зардап шеккен жоқ. Ведомство оқиға орнынан түсірілген суреттерді жариялады. Куәгерлер әлеуметтік желілерде видео бөлісті. Кадрлардан желдің осы ғимараттардың төбесінен соғып, шатырын қалай ұшырғанын көруге болады. Суреттерде шатырдан қалған бөліктер көрсетілген.
Еске салайық, Қазгидромет еліміздің бірнеше аймағында ауа райының нашарлайтынын болжаған еді.
Дауыл болатыны ескертілген. Синоптиктердің хабарлауынша, 17 мамырда Атырау облысында жауын-шашын болады, жел күшейеді, бұршақ жаууы мүмкін.
Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Instagram парақшамыздан оқыңыздар>>
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1856140-atyrau-oblysynda-dauyl-tryp-mektepterdi-satyryn-syryp-ketken-foto-video/