COVID-19: Испания мен Италияда өлім саны күрт азайып, Бразилияда көбеюде
Жарияланған күні:
Коронавирустан зардап шеккен Еуропа елдерінде, нақтырақ Испания мен Италияда өлім-жітім көрсеткіші пандемияға байланысты қатаң карантин енгізілген наурыз айының деңгейіне дейін төмендеді. Сонымен қатар, Бразилияда қайтыс болғандар саны өсуде, бұл мемлекет аурудың таралуы бойынша әлемде төртінші орынға шықты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.
Джонс Хопкинс университетінің мәліметтері бойынша, әлемде барлығы 4,7 миллион жағдай тіркеліп, 314 мыңға жуық адам қайтыс болған.
Испания мен Италия карантиннен шығады
Испанияда наурыздың ортасынан бастап бірінші рет коронавирустан қайтыс болғандардың саны күніне 100-ден аз болды. Жексенбіде COVID-19-дан 87 адам қайтыс болды. Коронавирусты жұқтырған науқастардың үштен екісі ауруынан айыққан.
Дүйсенбіден бастап Испания тұрғындары үшін бірқатар шектеулер алынып тасталады, алайда Мадрид, Барселона, сондай-ақ Кастилия және Леон секілді үлкен қалаларда шектеулер өз күшінде қалады.
Испаниядағы індеттің шырқау шегі кезінде күн сайын 950 науқас қайтыс болған.
Пандемияға қарсы күрес жөніндегі шараларды үйлестіру орталығының директоры, доктор Фернандо Симон елдегі аурудың таралуын түбегейлі дерлік жою қолдарынан келгенін мәлімдеді.
Сонымен бірге, Симон COVID-19 екінші толқынының үлкен қаупі туралы ескертті, сондықтан билік елдің барша тұрғындарына ресми ұсыныстарға сәйкес қорғаныс маскаларын киюді қамтамасыз еткісі келеді.
Аурудың таралуын болдырмау үшін Испанияға теңіз немесе әуе арқылы кіруге тек елдің азаматтары мен тұруға рұқсаты бар адамдарға ғана рұқсат етіледі. Барлық келушілер 14 күн бойы оқшаулануы керек.
Ауру мен қайтыс болғандардың саны бойынша әлемдегі көшбасшылардың қатарына кіретін Италия соңғы 24 сағат ішінде 145 адамның қайтыс болғанын хабарлады, бұл – екі айдан астам уақыт бұрын енгізілген карантин шараларынан бергі ең төменгі көрсеткіш.
Дүйсенбі, 18 мамырдан бастап Италияда кафелер, барлар, мейрамханалар, сұлулық салондары мен шаштараздар ашылады.
Сонымен бірге келушілер мен қызметкерлер бір метр қашықтық сақтап, бетперде киюі керек. Италияның кейбір аймақтарында шіркеу қызметтері де қайта жанданады, ал шіркеуде бір уақытта болуы мүмкін адам саны шектеулі болады.
Бразилия: қанша адам қайтыс болды?
Коронавирус пандемиясы Еуропада азайып жатса, ал Латын Америкасында COVID-19-дың таралуы қарқын алуда.
Сенбі күні Бразилия ауру жұқтырғандар саны бойынша Испания мен Италияны басып озды да, АҚШ, Ресей және Ұлыбританиядан кейінгі төртінші ел болды. Бразилияда бір тәулік ішінде инфекцияның 15 мыңға жуық жаңа дерегі тіркелді, елде инфекция жұқтырғандардың жалпы саны 233 мыңнан асты.
Сондай-ақ, Бразилия билігі тәулігіне 816 адам коронавирус ауруынан қайтыс болғанын, ал өлімнің жалпы саны 15,6 мыңнан асқанын хабарлады, бұл – әлем бойынша бесінші көрсеткіш.
Сонымен бірге, сарапшылар өлімнің нақты саны одан да көп болуы мүмкін деп ескертеді, өйткені Бразилияда COVID-19 сынағын аз адам тапсырған.
"Бразилияда ауруханаға түскен адамдар ғана сынақтан өтеді", – дейді Сан-Паулу университетіндегі Доминиго Алвес. – Қолда бар мәліметтерге сүйене отырып, шын мәнінде не болып жатқанын түсіну қиын. Бізде бұл аурумен күресудің нақты стратегиясы жоқ".
Альвес зерттеу авторларының бірі болды, ол Бразилияда нақты науқастардың саны ресми статистикаға қарағанда 15 есе көп екенін мәлімдейді.
Бразилия президенті Жаир Болсонару қатал карантиндік шараларға қарсы тұруды жалғастырып келеді. Ол коронавирусты "тұмаудың бір түрі" деп атады және COVID-19-дан қашып құтылу мүмкін емес екенін айтты.
Елдегі ахуалға тоқталсақ, Қазақстанда өткен тәулікте 283 адам коронавирус індетімен ауырғаны белгілі болды.
Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Instagram парақшамыздан оқыңыздар>>
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1856201-covid-19-ispania-men-italiada-lim-sany-krt-azajyp-braziliada-kbeude/