Бүгін Жамбыл облысында бірқатар мекемелердің жұмысы қайта жанданады
Жарияланған күні:
Бүгін, 19 мамырдан бастап Жамбыл облысында бірқатар мекемелердің жұмысы қайта жанданбақ. Олардың арасында шаштараздар мен сұлулық салондары бар деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы облыс әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, 19 мамырда Жамбыл облысында карантиннің жеңілдетудің үшінші кезеңі күшіне енеді.
Бірқатар облыстарда коронавирус инфекциясын жұқтырғандардардың күрт өсуіне байланысты, сондай-ақ аймақтағы қазіргі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, Жамбыл облысының жедел штабы карантиндік шараларды тек ішінара жеңілдету туралы шешім қабылдағаны белгілі болды.
Жұмысына жанданатын мекемелер:
- монша кешендерінен тыс шаштараздар мен сұлулық салондары (алдын-ала жазылу бойынша). жұмыс уақыты 10.00-ден 18.00-ге дейін);
- жазғы алаңы бар, ашық аспан астында жұмыс істейтін қоғамдық тамақтану орындары (сыйымдылығы 30 адамнан аспайтын). 10.00-ден 20.00-ге дейін;
- құрылыс материалдары мен тұрмыстық тауарларды сату базарлары. 7.00-ден 17.00-ге дейін;
- қонақ үйлер.
Сонымен қатар бүгіннен бастап Тараз қаласы аумағында орналасқан түлектерді ҰБТ-ға дайындау бойынша оқу орталықтарының қызметіне рұқсат етілмек.
"Жоғарыда аталған кәсіп түрлерінің жұмысын қалпына келтірудің міндетті шарты санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтау болып табылады. Мұны арнайы мобильді топтар қадағалайтын болады", - делінген хабарламада.
Облыс тұрғындарының денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, сондай-ақ инфекцияның жоғары қаупіне байланысты қоғамдық көліктер тоқтатылған болатын.
Дегенмен қазіргі кездегі қалыптасып отырған эпидемиялық жағдай маршруттық автобустардың жұмысын қайта жандандыруға мүмкіндік бермеуде.
Әкімдік облыс тұрғындарынан бұған түсіністікпен қарауға шақырды.
"Аталған жеңілдіктер COVID-19 таралу ошақтары бар Қордай, Байзақ және Жамбыл аудандарынан басқа облыстың барлық аумағында қолданылады. Облыс пен Тараз қаласының периметрі бойынша автожолдарда, коронавирус ауруы анықталған елді мекендерде карантиндік шаралар алынғанша блок-посттар өз жұмысын жалғастыратын болады. Тұрғындардың қозғалысы да шектеулі күйінде қала береді", - деп хабардар етті әкімдіктен.
Еске сала кетейік, елімізде коронавирус пандемиясына байланысты жарияланған төтенше жағдай режимі 11 мамырда аяқталды. Дегенмен ірі қалалар мен облыстарда карантин режимі сақталып қалды.
Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1856368-bginnen-bastap-zambyl-oblysynda-birkatar-mekemelerdi-zmysy-kajta-zandanady/