"Қош, аға": Бейсен Құранбекке өлең жолдарын арнаған ақындар жұртты жылатты (видео, фото)
Жарияланған күні:
18 мамырда белгілі тележүргізуші, "Жетісу" телеарнасының директоры, Қазақстанның мәдениет қайраткері Бейсен Құранбек өмірден өтті. Қазақ журналистикасында өшпес із қалдырған тұлғаның қазасына бүкіл ел қайғырып жатыр. Олардың басым бөлігі арыстай азаматтың жақсылығын әңгімеге арқау етсе, кейбіреулері естеліктерімен бөлісуде. Арасында поезиялық туынды арнағандар да бар. Осы орайда KAZ.NUR.KZ порталы Бейсен Құранбектен қапыда айырылып, қабырғасы қайысқан ақындардың өлең жолдарына ұсынады.
Қасқа тұлпарға мінгізген, ағам-ай, Қасты ордаға кіргізген, ағам-ай, Хан ұлындай жүргізген, ағам-ай,
Қай ісіме де мақұл болғаным-ай, Адасқан жерде ақыл болғаным-ай, Бауырыңда жүріп батыр болғаным-ай,
Қас жауырыныма қалқан болғаным-ай, Алатаудай арқам болғаным-ай, Бір өзі бүкіл ортам болғаным-ай,
Қараңғы кірсе, жарық болғаным-ай, Қара да басы халық болғаным-ай, Қайыра көруге зарық болғаным-ай!
Ерлан Жүніс
Ел енді ер Бейсендей ұл туар ма?
Оу, қазақтың арысы – Бейсен ағам, Жетісудың жеріндей жайсаң адам. Қай абыздың дарыды ақ батасы, Туды екен сендей ұлды қайсы ана жан?!
Сабыр жүрек, сабыр көз, сабыр басым, Жоқтау, аза кідірсін, дамылдасын! Жасындай жарқ еттің де кете бардың, Қайыстырып қазақтың қабырғасын.
Қазақтың аспанынан аққан жұлдыз, Ісіңмен мақтанды жұрт, шаттанды ұл-қыз. Жалған дүние сияқты барады өтіп Бір көрініп айдынға батқан құндыз.
Шаңындай ақшуланған керқұла аттың, Ғайып болып, жұртыңды көп жылаттың. Сары Арқаның даласы күңіреніп, Кеңсірігі ашыды Кербұлақтың.
Бейсен – ғұмыр, қол жетпес елес, арман, Қадалды қатал ажал жебесі алдан. Ел енді ер Бейсендей ұл туар ма, Жүрегін қазағына бере салған?!
Еділ, Жайық егіліп, тулап ағып, Ұлы таулар ұлардай шулады анық. Сен туған ел Бейсаға, күрсінуде, Кірпігін көз жасымен дымдап алып.
Бақұл бұл, сағынамыз, қош, Бейсекем, Алашпен асқақ рухың дос, Бейсекем. Еркелеуге шек қойған асау тағдыр, Әттең-ай, ерте өлуге шек қойса екен!?
Ел болсақ, ұл туармыз ер Бейсендей, Бейсен кетті, сендік-ау, сенбей-сенбей... Бейсеке жұлдыз болсын із-ұрпағың, Тұратын көкте жайнап сендей сөнбей...!
Әділет Ахметұлы
ЖАҚСЫ АДАМ
Жақсы еді, Жақсы еді ғой, шын жақсы еді, Жалғанның неге осылай тынбақ соңы? Бәріне жанашыр боп жүрмекші еді, Әлі де Алашым! - деп тұрмақшы еді.
Жақсы еді, Жақсы еді ғой, шын жақсы еді, Жанымның басылар ма құрғақ шөлі? Бұйыртып ғазиз-ғұмыр, ғашық-тағдыр Бұл өмір тұр ма тағы бұлдап соны?..
Жақсы еді, Жақсы еді ғой, шын жақсы еді, "Бармысың, батырым" деп, тіл қатса, өңі жып-жылы шуақ шашқан күндей болып, тұратын жан нұрымен жырғап сені.
Жақсы еді, Жақсы еді ғой, шын жақсы еді, Тірліктің тағы алмасып тұр бақ-соры. Көңілдің қайғысына дауа болып, Көзімнің жасын біреу құрғатса еді.
Жақсы еді, Жақсы еді ғой, шын жақсы еді, Жалғанның шешілмеді-ау жұмбақ-шері. Жақсы адам! - деген жалғыз сөзде оның, Бар атақ, абыройы, құрмет, шені!
Қалқаман Сарин
Бейсен бауырға
Білдің бе екен, қысқа өмір сүреріңді, Жұртқа берген жан едің жүрегіңді. Алты алаштың баласын аңыратқан, "Айтуға оңай" болмай тұр бұл өлімді.
Жақсы адамды тірлікте елепті кім? Жел соққанда басады теректі мұң. Ажалыңмен ұқтырдың ақырғы рет, Өлімге де "Қарекет" керектігін!
Әлібек Шегебай
Қарыс айрылса қара жер Қайғың толар ма, қазақ? Жыласаң көзіңнің жасы айдын болар ма, қазақ?!
Күн мен түн күңіренсе жеңілдесемші, Басу айтса ғой өмір бәсеңсіп...
Шақырды ма екен жасыл мекенің, Баянсыз бақтың басымда екенін
Ұқтырып; кеттің аһ ұрды көктем, Аһ ұрды көктем -ақырғы көктем...
Лап етіп сөнді шырпы күн бүгін, Суарылды уға кірпігім бүгін...
Қош, жүрек! Қош, сөз! Қош, аға!
Қозыбай Құрман
Жақсы адам кеткенде, Аспан да жылайды, Тастар да жылайды, Асқар да құлайды, Еске алып құдайды.
Жақсы адам кеткенде, Жерге де тым ауыр, Елге де тым ауыр, Көрге де тым ауыр, Заңдылық сірә бұл.
Нұртас Тұрғанбекұлы
Өзен көрдім, құмығып жылап аққан, О, құдырет, жүрекке сына қаққан. Ана жақтан ұйтқып дауыл тұрды, Ызғар қарды жүректі мына жақтан.
Дүрбелеңге салған шақ, шатпақ бәрі, Ала ма деп ойлап ем ақтап тағы. Өзің жүрген жолдардың даңғылын-ай, Өзің тиіп кеткеннің әппақ бәрі.
Көрген оны көз бар ғой, сана біліп, Көңілдердің тоңы да жаңа жібіп... Өз дертіңді елемей қалғаның-ай Өзгелердің жарасын таңа жүріп.
Жауын көрдім, толассыз төккен келіп, Айтады елің сені енді көптен бөліп. Кешіге тұр, дейтін ек, мамырға сәл, Кетеріңді білгенде көктемге еріп.
Роза Сейлханова
Еске сала кетсек, осыған дейін ақын, "Төлеген Айбергенов" атындағы сыйлықтың иегері Ұларбек Дәлейұлы марқұм Бейсен Құранбекке жыр жолдарын арнаған.
Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1856541-kos-aga-bejsen-kranbekke-le-zoldaryn-arnagan-akyndar-zrtty-zylatty-video-foto/