"Коронавирус": Алматыдағы зиратта қабір саны ресми орган таратқан мәліметтен үш есе көп
Жарияланған күні:
Алматы қаласының маңындағы коронавирус инфекциясынан көз жұмғандарды жерлеуге арналған зиратта ресми таратқан мәліметтерге қарағанда қабірлер саны үш есе көп деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.
Бұл туралы 31 арнадағы Ирина Советжанқызы жүргізетін "Сөздің шыны керек" бағдарламасында айтылды.
Оңтүстік астанада қайтыс болғандардың мәйіті арнайы санитарлық талаптарды ескере отырып, Іле ауданындағы, Қараой ауылының маңайындағы зиратқа қойылған.
Соңғы мәліметтер бойынша, Қазақстанда Covid-19-дан қайтыс көз жұмғандардың саны 35 адам, ал оның 10-ы Алматыдан.
Алайда, телеарна дерегінше, видеоға түсірілген зираттағы қабір саны он емес, одан үш есе көп болып шықты. Сонымен қатар, тағы 12 қабірдің қазылып тұрғаны белгілі болды.
Осыған байланысты Алматы тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті пікір білдірді.
"Коронавирус инфекциясына тестілеудің оң нәтижесі бойынша, барлық науқастарға коронавирус диаогнозы қойылады. Ал олардың арасында коронавирус салдарынан емес, өлім-жітім тудырған басты себепші болған әр түрлі созылмалы немесе қатерлі ісік ауруларымен сырқаттанған науқастар да болады. Талдау жүргізетін комиссияның қорытындысы бойынша, негізгі себептер мен диагнозы қойылады. Сондықтан қайтыс болғандардың ресми саны мен жерленгендер саны сәйкес келмеуі мүмкін", - делінген ведомствоның хабарламасында.
Еске сала кетсек, осыған дейін коронавирус инфекциясынан көз жұмған келіншек туралы жазған болатынбыз. Оның жақындары марқұм қауіпті дерттен қайтыс болды дегенге сенбейтіндерін жеткізді.
Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1857088-koronavirus-almatydagy-ziratta-kabir-sany-resmi-organ-taratkan-mlimetten-s-ese-kp/