Қазақстанға шетелден келетіндер екі тәулікке дейін стационарда оқшауланады
Жарияланған күні:
Қазақстанның бас санитар дәрігері жаңа қаулыға қол қойды. Енді Қазақстанға шетелден келетін адамдардың барлығын екі тәулікке дейін карантиндік стационарға жіберетін болады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ ҚР ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Құжатта мұндай шаралар жолаушыларды коронавирусқа тексеру үшін қажет екені жазылды. Оларды лабораториялық жолмен тексеретін болады.
Бұл ережеге Қазақстанға өзге мемлекеттен ұшып келетін адамдардың барлығы жатады. Оған қоса, олардың қатарына тағы бірқатар топ өкілдері жатады:
- Қазақстанның үкіметтік делегацияларын қоспағанда, ЕАЭО елдерінен және Өзбекстан Республикасынан Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы арқылы теміржол көлігінде және автоөтпе жолдарында өткізу пункттері арқылы келетін адамдар;
- Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің шақыруы бойынша Қазақстан Республикасына келетін шет мемлекеттердің және халықаралық ұйымдардың ресми делегацияларының мүшелері;
- Қазақстан Республикасында аккредиттелген дипломатиялық өкілдіктердің, консулдық мекемелердің және халықаралық ұйымдар өкілдіктерінің қызметкерлерін және олардың отбасы мүшелері;
- авиакомпаниялар экипаждарын және локомотив бригадаларының мүшелері.
Құжатта COVID-19 ауруын жоққа шығармайтын белгілері бар адамдар карантиндік стационарға емес, провизорлық стационарға емдеуге жатқызылатыны хабарланды.
Қазақстанға келген азаматтың қолында шекараны кесіп өтудің 5 күнінен кешіктірілмей берілген ПТР әдісімен зертханалық тексерудің теріс нәтижесі бар COVID-19 туралы анықтамасы болса, онда ол үйде 14 тәулік бойы оқшауланады.
Ал егер, үйде оқшаулау үшін жағдай болмаған жағдайда карантиндік стационарда оқшаулау ұсынылады. Бұл ретте бұл адамдар COVID-19-ға зертханалық тексеру жүргізу үшін 2 тәулікке дейін карантиндік стационарда оқшауланбайды.
Қаулыға сәйкес, коронавирусқа оң нәтиже көрсеткен жолаушылар бірден инфекциялық стационарға ауыстырылады. Ал COVID-19-ға теріс нәтижелі адамдар 12 тәулік бойы үйде оқшауланады. Үйде оқшаулау үшін жағдай болмаған кезде жергілікті атқарушы органдар айқындаған үй-жайларда оқшаулау ұсынылады.
Сонымен қатар, құжатта халықаралық әуерейстер уақытша шектелетіні жазылған.
Айта кетейік, бұған дейін 25 мамырдан бастап, мемлекет ішіндегі барлық әуе қатынастар қайтадан іске қосылатынын хабарлаған болатынбыз.
Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1857203-kazakstanga-setelden-keletinder-eki-tulikke-dejin-stacionarda-oksaulanady/