Министрлік: Жұмысқа шыққандар арасында вирус жұқтырғандар көбеюде
Жарияланған күні:
Карантин шаралары жеңілдеп, бірқатар ұйым қызметкерлері жұмысқа оралғаннан кейін, коронавирус жұқтырғандар саны арта бастады. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Тимур Сұлтанғазиев мәлімдеді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.
"Бізде жұмысқа шығу кезінде вирус жұқтыру деректері артып жатыр. Мұны карантин шараларының жеңілдеуімен байланыстыруға болады. Мәселен, білім беру жүйесін алайық. Мектептер, университеттер, колледждер толығымен қашықтан оқыту форматына ауысқанын білесіздер. Соның нәтижесінде оқушылар, студенттер мен мұғалімдер арасында вирус жұқтырғандар тіркеліп жатқан жоқ", – деді комитет төрағасы онлайн брифингте.
Оның айтуынша, инфекция, негізінен қашықтан жұмыс істемейтін және карантин талаптарын бұзатын ұйымдарда анықталуда.
Сұлтанғазиев Қазақстан бойынша жұмысын жандандырған ұйымдар арасында 10 мың рейд жүргізілгенін атап өтті. Нәтижесінде бір мыңға жуық түрлі заңбұзушылық анықталған. Бұл компаниялардың дені тексерістен кейін қызметін тоқтатты, енді біріне айыппұл салынды.
Сондай-ақ ол тексеріс жұмыстары одан әрі жалғасатынын жеткізді.
Бұдан бөлек, комитет төрағасы жұмыс берушілерге қызметкерлердің дене қызуын өлшеп, кіреберісте санитайзер орнатып, ара қашықтықты сақтауға кеңес берді.
"Егер аса қатты қажеттілік болмаса, қызметкерлердің үйден жұмыс істегені абзал", – деп түйіндеді ол.
Сондай-ақ бүгін онлайн-брифинг барысында Алматы әкімінің бірінші орынбасары Ерлан Қожағапанов пен қаланың санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин оңтүстік астанада карантин қашан аяқталуы мүмкін екенін айтып берді.
Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Instagram парақшамыздан оқыңыздар>>
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1857404-ministrlik-zmyska-sykkandar-arasynda-virus-zktyrgandar-kbeude/