"Мен ешкімге сенбеймін": Блок-бекетте көз жұмған полицейдің анасы Тоқаевқа хат жазды
Жарияланған күні:
Өткен аптада Алматыдағы блок-бекетте болған жол апатынан көз жұмған полиция қызметкері Абдықанов Дастанның анасы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жолдады. Абирова Жанатгүл президенттен аталған оқиғаны өз бақылауына алуын сұраған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.
Бұл туралы марқұмның анасы Instagram әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
"Мен қызмет бабында қаза болған Абдықанов Дастанның анасымын. Дастан 26 жасында елі мен Отаны алдында адал қызмет етіп жүріп, кісі қолынан қаза болды.
Әлеуметтік желіден келінім Динара күйеуінің өліміне кінәлі Азат Азаматовтың суретін көргенде бірден таныған. Себебі ол күйеуі жұмыста болған уақытта үнемі сөйлесіп отырған, оның кіммен бірге сменге түсетінін жақсы білген.
"Қылмыскердің полицияда әлі де жұмыс істейтінін, желіде жалған ақпарат таралып жатқандығын, тек шындықты айтыңыздар" деп жазғанын растаймын.
Әкесі тілшілерге келінімен сөйлеспей тұрып, өз ойымен келінім ешқандай жазба қалдырған жоқ деп сұқбат берген. Шындығында келінінің жазбасы туралы білмеген. Біздің бір-бірімізбен әңгімелесіп, желі қарап, талқылауға жағдаймыз болған жоқ.
Мен ұлымның абыройына нұқсан келмеуін және қылмыскердің әділ, заң талаптарына сай, қатаң жазалануын сұраймын", - деген ана істің ақ-қарасын анықтауды талап етіп, мемлекет басшысына жүгінді.
"Мен ешкімге сенбеймін. Құрметті президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мырза осы іс тікелей өз бақылауыңызда болып, қылмыскер әділ жазасын алады деп сенемін", - дейді Жанатгүл Абирова.
Еске сала кетейік, екі полиция қызметкерінің өмірін жалмаған жол апаты 25 мамырда таңғы сағат 5.30-да Көксай ауылындағы блок-бекетте болған.
BMW көлігінің жүргізушісі, әуелі бетон қоршауға соғылып, содан кейін полиция қызметкерлерінің көлігіне соқтығысқан. Көлік ішінде қос бірдей полиция қызметкері отырған.
Алған жарақаттарының салдарынан оқиға орнында полиция аға лейтенанты Жалғас Жанғазиев қайтыс болса, оның әріптесі полиция сержанты Дастан Әбдіқанов ауыр халде ауруханаға жеткізіліп, сол жерде есін жимастан көз жұмған.
Осыдан кейін күдіктіге қатысты әлеуметтік желіде түрлі деректер шықты. Оның тәртіп сақшысы болғандығы да айтылды.
Ал қалалық полиция департаменті полиция қызметкері деген ақпаратты басында жоққа шығарып, бір күннен кейін, жол апатына кінәлі азаматтың бұрын құқық қорғау органдарында қызмет еткенін растады. Департамент күдіктінің осыған дейін өз қызметіне салғырт қарағаны үшін жұмыстан қуылғанын мәлімдеді.
Марқұм Абдықанов Дастанның жары әлеуметтік желідегі парақшасында күдіктінің күйеуімен бірге жұмыс істегенін жеткізсе, ал марқұмның әкесі Instagram-дағы жазбаларды келіні жазбағанын айтты. Ол БАҚ беттері мен желіде тараған мәліметтерді естігенін, бірақ оған сұқбат беруге отбасы мүшелерінің мүмкіндіктері болмағанын жеткізді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1858406-men-eskimge-senbejmin-blok-bekette-kz-zmgan-policejdi-anasy-tokaevka-hat-zazdy/