Алматының бас санитарлық дәрігері: Карантин жалғасуда және күшейе түсуде
Жарияланған күні:
Алматының бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин бүгін онлайн-брифингте қаладағы қазіргі эпидемиологиялық жағдайды баяндап, шаһарда карантинның әлі аяқталмағанын, керісінше белгілі бір деңгейде күшейе түскенін айтты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
"Біз бассейндерді, жағажайларды, саябақтар мен алаңдардағы сауда ұйымдарын және аттракциондарды ашуды қарастырып отырған жоқпыз. Жақын арада қала сыртындағы және мектеп жанындағы сауықтыру орындарын ашуды да қарастырып отырған жоқпыз. Өйткені бұл жерлерге балалар көп жиналады, вирус жұқтырып алу қаупі жоғары. Біз сондай-ақ, шипажайларды, жақын арада мәдени нысандарды, сауда орталықтарындағы кинотеатрларды, фуд-кордтарды және балаларға арналған ойын алаңдарын ашуды қарастырып отырған жоқпыз.
Сонымен қатар бұған дейін ашылған нысандардың жұмысын тоқтату мәселесін қарастырамыз. Егжей-тегжейлі тексерістен кейін, жүйелі ескертулерге қарамастан карантиннің жиі бұзылатыны белгілі болды", - дейді Жандарбек Бекшин.
Оның сөзінше, карантин шараларының бұзылуы қаладағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың тұрақсыздануына алып келуі мүмкін.
"Біз көрермендердің қатысуымен мәдени және спорттық іс-шараларды, жаппай корпоративтік және басқа да шараларды, топтық экскурсияларды өткізуге тыйым саламыз, бұл адамдардың өзара жақын байланысуына әкеледі", - дейді санитарлық дәрігер.
Бекшиннің сөзінше, қандай-да бір ұйымның карантиндік шараларды бұзғаны туралы хабарлағысы келетіндер аумақтық әкімдіктер мен тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне жүгіне алады.
Айта кетейік, өткен тәулікте Қазақстанда тағы 225 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны белгілі болды. Олардың 39-ы Алматыдан.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1858733-almatyny-bas-sanitarlyk-drigeri-karantin-zalgasuda-zne-kseje-tsude/