"Тоқалдан туған сияқты": Алматылық асабалар тойға рұқсат бермей отырған билікке шүйлікті
Жарияланған күні:
Алматы қаласының бір топ асабалары мен өнер адамдары наразылықтарын білдірді. Олар биліктен нәпақа тауып жүрген жалғыз "табыс көзіне" рұқсат беруді сұрады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Екі жарым айдан бері той ұйымдастырып, оны жүргізіп беретіндер табысынан қағылып отыр. Осы арқылы нәпақасын тауып, отбасын асырап жүрген өнер иелері мерекелік кеш болатын күнді күте-күте, шыдамы шегіне жеткенін айтады. Солардың бірі – танымал шоумен Руслан Ысқақ. Ол табыстан қағылып, қызметкерлеріне жалақы бере алмай қалған. Тіпті екі айдан бері кеңсесінің жалға алу ақысын да әлі төлемепті.
"Бассейн, фитнестерді ашайын деп жатыр. Бассейнде жүрген адам тыр-жалаңаш жүреді ғой. Жалаңаш адамға коронавирус қонбайды деген қай жақта жазылған? Бетпердемен ешкім шомылмайды. Жалпы, адам тойға барғанда тап-таза болып барады. Адам барын киіп, тазалық сақтап барады. Базарда жүр, әне, тер-тер адамдар. Базарда қандай тазалық бар, айтыңызшы маған?! Базарды ашты, барлық жерді ашты. Енді тоқалдан туған сияқты, бүкіл өнер адамдары сонда адам емес пе?", - деді ол.
Бауыржан Сұлтанов та әріптесі Русланның сөзіне қосылып, той иелерінің алдын ала алған ақшаны қайтарып жатқанын білдірді.
"Екі-үш ай болды алдын ала төленген ақшаны қайтарып беріп жатырмыз. Қазіргі той иелері тойларын басқа күнге қойып емес, жалпы бас тартып жатыр. Себебі, ақша бітті дейді. Біздің асабалар да дәл солай екі-үш ай болды, ақшасыз, жұмыссыз отыр", - деді асаба.
Асабалардың наразылылығына Алматы қаласы тауарлар мен көрсетілетін қызмет сапасын бақылау департаменті әкімшілік ұйымдастыру бөлімінің басшысы жауап берген.
"Күнде науқастар саны көбейіп жатыр. Сондықтан эпидемиологиялық жағдай күнде өзгеріп жатыр деп айта аламын. Эпидемиологиялық жағдай тұрақталған кезде ғана 7 күннің ішінде, сонда тойханаға, кафелерге жұмыс істеуге рұқсат береміз. Ол кезде де бір себеп бар, 50 орыннан аспау керек, үстелдердің арасында екі метрдей қашықтық болу керек", - деді Эльмира Омарова.
Дереккөз: КТК телеарнасы
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1859144-tokaldan-tugan-siakty-almatylyk-asabalar-tojga-rksat-bermej-otyrgan-bilikke-sjlikti/