Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Байқоңыр мәселелері бойынша жауап берді
Жарияланған күні:
Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Серік Сүлейменов мемлекет басшысының 2020 жылғы 8 сәуіріндегі қаулысымен ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі қызметін қоса атқарып келеді. Жаңа лауазымға тағайындалған сәттен бастап ол Байқоңыр тұрғындарын жеке мәселелер бойынша қабылдау өткізген. Кездесуде азаматтар тарапынан тұрғын үйлерді жекешелендіру, коммуналдық қызметтің жоғары тарифі және әлеуметтік мәселелер көтерілген. Осы орайда өңір басшысының орынбасары қаланың өзекті деген мәселелеріне тоқталды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
1. Коммуналдық қызметтер тарифі
Газбен жабдықтау
2019 жылдың сәуірінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәскеу қаласына жұмыс сапары кезінде ҚР және РФ Энергетика министрлері «Байқоңыр» кешенін газбен жабдықтау туралы келісімге қол қойған болатын. Осы келісім аясында қалада көпқабатты тұрғын үйлер мен орта және шағын бизнес нысандары газдандырылды. Бүгінгі таңда барлық тұрғын үй табиғи газға қосылды (23 үй 20427 пәтер). Қызылорда облысы бойынша табиғи газдың бірыңғай тарифі төлемі текше метріне 20,7 теңге.
Сумен жабдықтау және су тарату
2016 жылы су құбырларының (85 процент) және сарқынды су жүйелерінің (97 процент) (тиісінше 81,4 және 106,2 шақырым) тозығы жетуіне байланысты олардың бір бөлігі жалға беруден шығарылып, жарақтандыру жұмыстарын жүргізу үшін Қызылорда облысының коммуналдық меншігіне 7 жыл мерзімге берілді.
Жұмыстарды республикалық бюджет есебінен 2020 жылдан бастап кезеңімен 2023 жылға дейін техникалық-экономикалық негіздемесін жасай отырып жүзеге асыру көзделген болатын. Үстіміздегі жылы «Байқоңыр қаласының сумен жабдықтау және су тарату «Бір кезең. Бір кезек» жобасын жүзеге асыру басталуы керек еді. Бірінші кезеңнің құны 896700 мың теңгені құрап, 11,4 шақырым сарқынды сулар жүйесін жаңғырту көзделді.
Өкінішке орай, аймақтар дамуының 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік даму жоспарында Байқоңыр қаласын дамыту бойынша жобаларды жүзеге асыру көзделмеген болатын.
Бұл туралы ҚР Орталық Атқару органдарын сумен жабдықтау және су тарату жүйелерін жарақтандырудың Ресей Федерациясы бюджеті есебінен жоспарланған Абай, Гагарин даңғылдары, Королева, Шумникова көшелері автомобиль жолдарын жөндеу жұмыстарымен байланысты екені хабардар етілген.
Жылу энергиясы
Жылу энергиясын қалалық жылу-электр жүйесі өндіреді, ол қымбат мазут отынымен өндіріледі. Қала тұрғындары жылу үшін 12 ай ақы төлейді. Қала әкімшілігі бұрын жылу-электр жүйесін жарақтандыру мақсатында Қазақстан жағына шектеулі уақытқа қаржыландыратын шартпен беру туралы ұсыныс жасаған болатын.
Жоба қымбат болғандықтан жұзеге асырылмай, қазіргі таңда Ресей тарапы жылу-электр жүйесін Ресей бюджеті есебінен 2020 жылға дейін газға көшіру мәселесін қарастыруда.
Электр энергиясы
Электр энергиясы тарифтерін төмендету үшін Ресей тарапына Байқоңырдың энергетикалық жүйелерін Қызылорда облысының коммуналдық меншігіне беру туралы ұсыныс жасалды. Тұтастай алғанда, Байқоңыр қаласының инфрақұрылымдарын жалдық меншіктен алуға облыс басшылығы мүдделі емес болғандықтан, мәселе Байқоңыр қаласының тұрғындарына тарифті төмендету жөнінде ғана болып отыр.
2. Жекешелендіру
1995 жылдың 23 желтоқсанындағы ҚР және РФ арасындағы «Байқоңыр қаласының мәртебесі және оның атқарушы билік органдарын қалыптастыру мен мәртебесі туралы» келісімге сәйкес Байқоңыр қаласындағы нысандар мен мүліктер жекешелендіруге жатпайды. Мәселенің өзектілігін ескере отырып, Қызылорда облысының әкімдігі Байқоңыр қаласының әкімшілігімен бірлесе отырып, Байқоңыр қаласындағы Қазақстан азаматтарының пәтерлерін жекешелендіру тетіктерін қалыптастыра бастады.
2020 жылдың 21 қаңтарында ҚР Президентінің «Байқоңыр кешеніндегі арнайы өкілі Б.Б.Намаев пен Байқоңыр қаласы әкімшілігінің басшысы К.Д.Бусыгин Байқоңыр қаласын дамытудың ұзақмерзімді бағдарламасына қол қойды. Осы бағдарламаның мақсатына сәйкес жекешелендіру, жалға алып жекешелендіру мәселелері шешілетін болады.
Бұған қосымша Байқоңыр қаласы тұрғындарын – Қазақстан азаматтарын «Бақытты отбасы» тұрғын үй бағдарламасына тарту көзделуде. Бұл бағдарламаға қатысушыларға қойылатын талаптың бірі – ҚР Заңы бойынша тиісті категорияларға сәйкес тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды жергілікті атқарушы органдардың есепке алуы болып табылады.
Осылайша бағдарламаға қатысушының мәртебесі тиісті құжатпен айқындалатын болады. Бірақ қалада қазақстандық тиісті тіркеу органдары болмағандықтан, азаматтардың мұндай мүмкіндігі жоқ. Бұл мәселенің көптеген заңдылық түйткілдері бар, сондықтан ол барынша егжей-тегжейлі шешуді талап етеді.
Осыған орай Қызылорда облысының әкімдігі Қазақстан Орталық атқарушы органдарымен бірлесіп, Байқоңыр қаласы тұрғындарының мәртебесін айқындайтын тұрғын үй қатынасына байланысты нормативті-құқықтық актілерге өзгеріс енгізу мәселелерін қарастыруда.
2. Еңбекпен қамту
Тұтастай алғанда, халықты жұмыспен қамту мемлекеттік деңгейде бақылауда тұр. Халықтың еңбекпен қамту деңгейін ұлғайтып, жұмысты азайту үшін мемлекеттік «Еңбекпен қамту жол картасы-2020» бағдарламасы қабылданған. Бағдарлама аясында әлеуметтік-мәдени нысандарды күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізу қолға алынды. Олардың тұрғын үй-коммуналдық және жол инфрақұрылымына қатысы бар.
Бұған қосымша Байқоңыр қаласы және оған таяу жатқан Төретам мен Ақай елдімекендері бойынша өнімді еңбекпен қамту «Еңбек» бағдарламасы жүзеге асырылды. Бағдарламаны жүзеге асыруда қажетті мамандықтар бойынша оқытуларды жаңа бизнес идеяларға мемлекеттік гранттар бөлінеді, жастарға арнайы жұмыс орындары ашылады. Сонымен бірге кейбір кәсіпорындарда жұмыс орындары қысқаруының алдын алу жөнінде шаралар жүргізілуде жұмыс сағатының қысқартылуы есебінен жұмыс орындары сақталуда.
Қала экономикасы бірыңғай ғарыш саласына бейімделген. Бірақ қазір ұшырылымдар саны қысқарып, ғарыштық бағдарламалар оңтайландырылуда. Бұл ғарыштық кәсіпорын салаларындағы адамдардың қысқаруына әкеп соқтырды. Аталған мәселені шешу үшін Байқоңыр қаласында Қармақшы ауданы әкімдігінің еңбекпен қамту орталығы қызмет істейді. Қазіргі таңда орталыққа жұмыс іздеп 1551 адам өтініш білдірген. Ресми жұмыссыз болып 967 адам тіркелсе, олардың 275-і жұмысқа орналастырылды.
Қазақстан кәсіпорындарына жұмысқа тұрғызылған Байқоңыр қаласының тұрғындары айлықтың аздығына, қаладағы коммуналдық қызмет төлемі қымбаттығына шағымданады. Бағаны рубльден теңгеге ауыстырғанда қымбатшылық, әсіресе, әлеуметтік қолдауға қатысты азаматтардың тұрмысында барынша қатты сезіледі. Бұл орайда аз қамтамасыз етілген отбасыларына олардың жиынтық табысын ескере отырып, облыс деңгейіндегі өлшемде көмек тағайындау барынша өзекті мәселенің қатарына жататынын атап өткіміз келеді.
Аталған мәселені ескере отырып, Қызылорда облысының әкімі облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына Байқоңыр қаласы тұрғындарының тұрғын үй жәрдемақы мөлшерін 2020 жылдың екінші жартыжылдығынан бастап ұлғайтуды тапсырды.
Халықты әлеуметтік қамту барынша өзекті мәселенің қатарына жатады. Өкінішке орай, Қазақстан Республикасының заңдылығында Байқоңыр қаласында облыстық басқарманың қалалық бөлімін ұстау көзделмеген. Осыған байланысты аталған бағыттағы жұмысты Қармақшы ауданы әкімдігінің әлеуметтік қамсыздандыру және еңбекке орналастыру секторы атқарады. Жеке ғимаратта мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жұмыс істеуіне ыңғайлы қондырғылар орналастырылатын болады. Сондай-ақ осы ғимаратта мүгедектер қоғамы секілді қоғамдық ұйымдарды орналастыру көзделуде.
Қаланың инфрақұрылымын ұстап тұру мәселелері бойынша Ресей Федерациясы «Байқоңыр» кешенін жалға алу шарты бойынша жалға алынған нысандарға күрделі жөндеу жүргізуді, жарақтандыруды өз есебінен жүргізуге тиіс. Бұл орайда қала әкімшілігі тиісті деңгейде жұмыстар жүргізіп жатыр.
Қазақстан Республикасының Байқоңыр қаласы әлеуметтік-мәдени әлеуетінің сақталуына мүдделі болғандықтан, сонымен бірге халықтың тұрмыс жайлылығын жақсарту мақсатында «Байқоңыр» кешені бойынша Қазақстан-ресейлік үкіметаралық комиссияның бесінші мәжілісінде Қазақстан жағынан қаланың даму бағдарламасына бөлінетін қаржы тәртібі мен шарты айқындалған болатын.
2019 жылы Қазақстан тарапынан «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 50 пәтерлік бес үй салынды. Қазіргі таңда барлық пәтерлер қаланың қазақстандық тұрғындарына бөлініп берілді. Аталған жобаны жүзеге асыру нәтижесінде тұрғын үйге деген сұраныс азайып, ол қаланың әлеуметтік жағдайына оңды ықпалын жасады. Қазіргі таңда Байқоңыр қаласында тұрғын үйге Қазақстан Республикасының 1200-ден астам азаматы кезекте тұр. Осыған орай уәкілетті органға «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тағы да бес көпқабатты тұрғын үй құрылысын жүргізуге тапсырыс жасалды.
Байқоңыр қаласы аумағына жіберуді оңтайландыру
Тиісті келісімге сәйкес Байқоңыр кәсіпорындар мен ұйымдардың және азаматтардың жұмыс істеп тұруына қатысты айрықша қауіпсіз режимдегі қала болып табылады. 2019 жылы қала әкімшілігімен келісімге сәйкес Байқоңыр қаласына оның тұрғындары мен басқа аймақтардан келетін қонақтарға қатысты, оның ішінде қайғылы жағдайға байланысты шараларға, демалыс, мейрам, жұмыс күндері келетіндерге рұқсат беру оңтайландырылды.
«Байқоңыр» АЭА құру туралы
Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастығы XV форумының қорытындысы бойынша (2018 ж. Петропавловск) ҚР Үкіметіне Ресей жағымен бірлесіп, «Байқоңыр» АЭА құру мәселелерін талқылау тапсырылды.
«Байқоңыр» АЭА құрудағы басты мақсат халықаралық ғарыш портын құру, жоғары технологиялық бәсекелі өнімдер инновациялық өнеркәсіп өндірісін құру, оның ішінде машина құрылысын, ғарыш саласын, электрониканы, химия және жеңіл өнеркәсіпті, артықшылықтары мен салық жеңілдіктері ескерілетін туризмді дамыту болып табылады.
Бүгінгі күнге АЭА құру туралы концепция және ҚР мен РФ Үкіметтері арасында «Байқоңыр» АЭА құру туралы келісім жобалары дайындалған. Концепция мен Келісім жобалары Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік органдарына (мүдделі министрліктерге) келісім жасауға жіберілді. Концепция мен Келісім жобалары мемлекеттік органдарда келісілгеннен кейін Ресей жағына жіберілетін болады.
Төретам кенті мен Ақай ауылдық округіне қатысты
Алдағы болатын Үкіметаралық комиссия отырысының күн тәртібіне «Жалға берілген кейбір жер учаскелерін босату» туралы мәселе енгізіледі. Оған Төретам кентінің нақты орналасқан аумағы 322,6 га, Ақай ауылының нақты аумағы 371,4 га және Төретам кентімен Ақай ауылының айналма жолдарын жалға беру аймағынан шығару мәселелері кіреді.
2018 жылы ҚР және РФ мемлекеттік органдарының бекіткен жоспар-кестесіне сай жалға беруден босатылатын жер учаскелері бойынша ресейлік және қазақстандық мүдделі мемлекеттік органдар қатысуымен далалық зерттеу жұмыстары жүргізілді. Оның нәтижесі бойынша жалға беруден босатылатын жер аумақтарының жалпы ауданы 2898,2 гектарды құрады.
Осы жылдың 19 мамырында Байқоңыр қаласы әкімшілігінің басшысы К.Д.Бусыгинмен жұмыс бабында кездесіп, онда жер учаскелері бойынша жоғарыда айтылған проблемалар сөз болды. Кездесу нәтижесінде учаскелерді жалға беруден босату туралы шешім шығарылды.
Бүгінгі күнге Төретам кенті мен Ақай ауылын Байқоңыр қаласының құрамына кіргізу мәселесі қаралмайды. Аталған елдімекендердің тым жақын орналасуы қиын жағдай болып есептелмейді, керісінше дамуға мүмкіндік беретін қосымша артықшылықтар болып саналады.
Төретам мен Ақай елді мекендерінің көптеген тұрғындары Байқоңыр қаласы аумағында кәсіпкерлікпен айналысады. Келісімге сәйкес осындай тұрғындарға қалаға кіруге жеңілдіктер жасалған. Төретам мен Ақай тұрғындары мен олардың көліктеріне 2 жылға рұқсат қағаз беруге елді мекендерге тіркелгендігі негіз болады.
Ал енді Төретам мен Ақай елдімекендерін электр энергиясымен қамтамасыз ету мәселесіне келейік. Төретам мен Ақай елді мекендеріндегі подстанциялар мен электрмен жабдықтау желілері өткен ғасырдың 50-60 жылдары пайдалануға берілген. Қазіргі күндері тұрғындарды тұрақты және сапалы электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін оларды қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Қуаттылығы әртүрлі 30 шақты жаңа трансформаторлық қондырғылар орнату көзделген. Бұл мақсатқа «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 2,1 млрд теңге бөлінген (подстанцияларды жаңартуға – 1,2 млрд теңге, электр желілерін реконструкциялауға – 915 млн теңге). Бұл жұмыстарды жылдың соңына дейін бітіру жоспарланып отыр.
Мұнан бөлек, «Жұмыспен қамту жол картасы» шеңберінде Төретам кентінде 4, Ақай ауылдық округінде 3 көшені жөндеуден өткізу жоспарланған.
Сол секілді Төретам мен Ақайды байланыстыратын Бармин көшесін жалға беруден босатқаннан кейін жөндеуден өткізу жоспарлануда.
Тұрғындардың интернетке қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселесі де пысықталып жатыр. Қызылорда облысының әкімі тарапынан «Қазақтелеком» АҚ-ға Төретам және Ақай елді мекендерін толықтай интернетпен қамту жөнінде тапсырма берілді.
Жалпы алғанда, Байқоңыр қаласын дамыту мәселесі облыс әкімінің басты назарында. Бұған дейін аталып өткендей, 2020 жылдың 21 қаңтарындағы «Байқоңыр» кешеніндегі ҚР Президентінің арнайы өкілі мен Байқоңыр қаласы әкімшілігінің басшысы «Байқоңыр қаласын дамытудың ұзақмерзімді бағдарламасына» қол қойған болатын.
Сонымен қатар, проблемалық мәселелердің шешімін табуды жеделдету мақсатында Қызылорда облысы әкімдігі тарапынан «Байқоңыр қаласын әлеуметтік-экономикалық дамытудың жол картасы» жобасы дайындалып, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары мен Байқоңыр кешені бойынша ҚР және РФ арасында мемлекетаралық комиссияның тең төрағасы Р.В.Склярға келісімін алуға және әрі қарай бекітуге жіберілді.
Бұл жол картасы жоғарыда аталған мәселелермен қатар Байқоңыр қаласы әкімшілік заңдылығы аумағында салық салу, валюталық бақылау, білім беру, денсаулық сақтау, экологиялық реттеудің шешімі мәселелерін де қамтиды.
Қазіргі кезде бүкіл әлем коронавирус эпидемиясымен күрес жүргізе отырып, қиын кезеңдерді өткеруде. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы мамандарының пікірінше, күзге таяу оның екінші толқыны басталуы мүмкін.
Соған байланысты, коронавирус инфекциясына қарсы күрестің нәтижелі көрсеткіштеріне қарамастан, босаңсуға әлі ерте, өйткені ҚР аумағында әлі де карантиндік режим сақталуда.
Байқоңыр қаласы тұрғындарын, өз денсаулықтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жайбарақаттыққа салынбай, санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтауды, яғни бетперде тағып, қолдың гигиенасын сақтап, арақашықтықты ұстанып, аса қажеттілік болмаса, көпшілік жиналған орындарға бармауын жеткізгіміз келеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1860688-kyzylorda-oblysy-kimini-orynbasary-bajkoyr-mseleleri-bojynsa-zauap-berdi/