Абылай Мырзахметов: Қара вирусты тойтару өз қолымызда
Жарияланған күні:
Өзінің Facebook-тегі парақшасында «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов тікелей эфирге шығып, қазіргі қиын кезеңде халыққа жақын болу, халықтың еңсесін көтеру борышымыз екенін алға тартып, індеттің кең таралуында әр азаматтың жауапкершілігі барын айтты.
Соңғы үш айда елдегі ахуал көп өзгерді, төтенше жағдай біткеннен кейін экономиканы қалпына келтіру жұмысы басталды. Алайда індеттің күрт өршіп таралуы қалпына келтіру жұмыстарын шетке қойып, жалпы халық саулығына қарай назар аудару қажеттігін көрсетуде.
«Қазіргі вирус жалмап барады. Күніге бәріміз ақпарат көздерін қарап, өкінішке қарай, қаралы ақпаратты күтіп отырамыз, өміріміз солай өзгерді. Қаравирус салдарынан көптеген отбасы қаралы хабар алуда. Жақындарымыз, ағайындарымыз, достарымыз, жұмыстастарымыз да осы індетке шалдығып жатыр. Қайтпек керек? Біріншіден, қызбалыққа салынбайық», – деді Абылай Мырзахметов.
Елдегі осындай ахуалда халықтың билікке айтатын уәжі бар, бұл жайт өте орынды, әділетті деп санайды спикер. Өйткені биліктің, әсіресе лауазымды азаматтардың, жергілікті жердегі атқамінерлердің, тиісті органдардың басшылары, денсаулық сақтау саласындағы мамандардың мұндай жағдайда жауапкершілігі бағалануы тиіс. Кімнің қандай жауапкершілігі бар, қандай лауазымды азаматтар өзіне тапсырған ауқымды игере алмады, не себепті осындай жағдай болды, осының бәрі зерделенетінін алға тартты.
«Атқарылған жұмыстың нәтижесі, қызметтегі азаматардың жауапкершілігі әлі таразыға салынады. Алдағы екі-үш аптада Мемлекет басшысы жартыжылдық есеппен Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізеді. Онда Президент өзінің тұралық қасиетімен, әділдігімен, ашықтығымен қазіргі ахуалға өз бағасын береді деген сенімдемін. Оған ешқандай күмән жоқ», – дейді Абылай Мырзахметов.
Спикердің айтуынша, халық болып Үкіметке тас лақтыру – оңай. Дегенмен індеттің күрт таралуында әр азаматтың да жауапкершілігі барын айтты. Вирустың таралуына қатысты жайтқа халқымыздың қонайқжайлылығы, салт-дәстүрі, көпшілдігі, санитарлық талаптарды орындауға немқұрайлы қарауы ықпал етті деген ойда.
«Мұндай жағдай орын алғанда екі мәселе туындайды: бірі – кім кінәлі, екіншісі – не істеу керек? Әрине қазіргі таңда бәріміз жата қалып, билікке тас лақтыру, сынауымыз – бұл оңай шаруа. Ал арамыздан, өкінішке қарай, зейнеттегі ата-аналарымыз, ата-әжелеріміз кетіп жатыр. Қазақ халқы үлкендерін ардақтайды, ата-анасына жағдай жасайды, амандығын тілейді. Ал қазіргі індетке олардың иммунитеті шыдас бере алмай жатыр. Сондықтан мұның бәрі шекемізге қатты тиетін, жанымызға қатты бататын сабақ болып отыр», – деді ҰКП Басқарма төрағасы.
Абылай Мырзахметов вирустың таралуын ауыздықтау үшін барынша оқшаулануды, жақындарға, әсіресе балалар, ата-әжелерге қамқор болуға шақырды. Бұқаралық шаралар мен күнделікті шаруаларды барынша қысқартуға үндеді.
«Карантинді күшейту орынды. Бірақ қалай күшейтеміз? Қайтадан төтенше жағдай жариялаймыз ба? Онда экономиканы тоқтатамыз. Экономиканы тоқтатсақ, халықтың табысы қалай болады? Тағы да 4 млн адам жұмыссыз қалу қаупі бар. Әлеуметтік жәрмеақы бөліне ме, мұндай шараларға мемлекеттің шамасы келе ме, шыдаймыз ба. Халық саулығы ма, жоқ экономика ма? Тепе-теңдікті қалай сақтаймыз, осы мәселелер зерделенуі тиіс», – дейді спикер.
Бизнесте зардап шеккен салалар бар, мәселен, карантинде толық тоқтап қалған қызмет көрсету саласында 1 млн 300 мың адам қызмет істейді, 800 мыңнан астам кәсіпкер бар. Абылай Мырзахметов жұмыссыздыққа жол берілмей, кәсіпорындардың қызмет ету жолдары қарастырылуы маңызды екенін айтты. Өз клинеттері алдында жауапкершілкті сақтау, кәсіпте де тәртіп ұстану қажеттігін атап өтті.
«Тәртіпке цифрлық тұрғыда үйрету мәселесін қарасақ. Бұл бағытта компанияларымыз да бар. Мысалға «Сергекті» алсақ. Басында қанша қарсы болдық, келіспедік. Бірақ «Сергек» бақылау жүйесі бәріміздің өмрімізге енді ғой. Қалалар дамып жатыр, «Сергек» жүйесі арқылы жол-апаттары, адам өлімі мәселесі қолға алынды. Демек, қажет болса тәртіпке үйрене аламыз ғой? Сондықтың көпшілік жиналатын жерлерде, мейрамханаларда, сауда орталықтарында санитарлық нормаларды цифрлық түрде қадағалайтын жүйелерді қолға алуға кәсіпкерлер дайын болуы керек. Жауапкершілігі бар кәсіпкерлерге жол ашылуы қажет», – деді.
Абылай Мырзахметов шекараның жабылуын тиімді пайдаланып, ішкі отандық өнеркәсіпті жолға қайып, импортты алмастыруға қарай бағыт алуды ұсынды. Экономиканы көтерудегі саяси жігерді қолға алынып, үлкен серпіліс жасалуы керек.
Сондай-ақ спикер ел атқамінерлерін, элитаның халық алдындағы жауапкершілігін айтты. Қазіргі аухалда ел болып, бірлігімізді көрсетудің сын сағаты екенін айтты.
«Көзі ашық азаматтар, элита қазіргі таңда халық алдында жауапты. Халықпен бірге болу, халыққа жол көрсету керек, ағарту керек. Денсаулық сақтау саласындағы сарапышлар халыққа түсінікті тілде көбірек ақпарат бергені өзекті», – деді.
Сөз соңында Абылай Мырзахметов осындай қиын қыстау кезең – еліміздің мықты болып өзгеруінің уақыты екенін тілге тиек етіп, тәртіпке бағынатын елдерді мысалға келтірді.
«Тәртібі мықты Еуропада – Германия, Азияда – Жапония екі мемлекет бар. Бұл елдерде маска кию, қолғаппен жүру, қол алысып амандаспау бұрыннан қалыптасқан үрдіс. Осындай кішігірім қасиеттер үлкен жобалардың бастауы: мықты экономика, жетілген өндіріс, халықтың әл-ауқаты. Бұл қасиеттер өзімен-өзі келген жоқ, халық соған үйренді, тәртіпке бағынды. Заңды сыйлау, тәртіппен жүру сынды қаисеттерді бойға сіңіруіміз керек», – деп қорытындылады спикер.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1862066-abylaj-myrzahmetov-kara-virusty-tojtaru-z-kolymyzda/