Екі мыңға жуық өзбек пен тәжік мигранты шекарадан Өзбекстанға өте алмай тұр
Жарияланған күні:
Түркістан облысы Сарыағаш ауданында екі мыңға жуық өзбек пен тәжік мигранттары карантинге байланысты жабылған шекарадан өте алмай тұр деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Азаттық радиосына сілтеме жасап.
Азаттық мәліметінше, мигранттардың кейбірі бір аптадан бері Өзбекстан билігінің шекарадан өткізуге рұқсат беруін күтіп осы автостанциядан кете алмай отырғанын айтады.
"Күндіз аптап ыстық, түнде салқын. Қара жерге қағаз төсеп жатамыз, кісі көп, орын жетпейді, тамақ алуға ақшамыз жоқ", - дейді олар.
Айта кету керек, мигранттардың көбі – ер азаматтар, арасында жас та, кәрі де бар. Олар Қазақстанда жалданып әртүрлі жұмыс істегенін, карантинге байланысты жұмыс тоқтаған соң еліне қайтып бара жатқанын алға тартты.
Азаттықтың жазуынша, коронавирус індетіне байланысты карантин жарияланған автобекет аумағында санитарлық талаптар сақталмаған, тіпті, ине шаншыр орын жоқ.
Кейбіреулер жерде құр қарбыз бен нан жеп отыр. Азаттық тілшісінің мәліметінше, адамдардың арасында есінен танып қалғандар да болған.
Сонымен қатар басылымның жазуынша, қазақстандық оннан астам полиция қызметкері автобекет аумағындағы тәртіпті сырттай бақылап тұр.
Бекеттің бір шетінде төрт үлкен шатыр тігілген, оларда Тәжікстан азаматтары орналасыпты.
Бұл жайтқа қатысты пікір білдірген Өзбекстанның Қазақстандағы елшілігінің қызметкері Бахтиор Камалов өзбек азаматтарының шекарада бөгелуін ол жаққа Қазақстаннан "осыған дейін өткен адамдардың карантин аймағынан әлі толық шығып үлгере алмай жатқанымен" түсіндірген.
Камалов қазір "Жібек жолы" бекетінде 1500-ге жуық өзбек азаматы күтіп отырғанын, Өзбекстан оларды "күн соңына дейін өткізіп алатынын" жеткізген.
Ал сол маңда жүрген Тәжікстанның Қазақстандағы елшілігінің өкілі Азаттық тілшісіне комментарий беруден бас тартқан.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Түркістан облысындағы шекарада тәжіктердің өз еліне қайта алмай әлек болғаны туралы жазған едік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1863375-eki-myga-zuyk-zbek-pen-tzik-migranty-sekaradan-zbekstanga-te-almaj-tr/