АҚШ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан шығатынын ресми түрде мәлімдеді
Жарияланған күні:
АҚШ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан шығады. Ақ үй басшысы БҰҰ-да осындай мәлімдеме жасады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Астана арнасына сілтеме жасап.
Дональд Трамп, "Денсаулық сақтау ұйымы Қытайға бағынышты", деп айыптап отыр. Оның пікірінше, ұйым COVID-19-дың таралу қаупін алдын ала ескермеген және уақытылы шара қолданбады. АҚШ-тың ұйымнан кетуі туралы шешім бір жылдан соң күшіне енуі тиіс.
"Егер Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жауапкершілікті сезініп, індетке қатысты жағдайды бағалау үшін сарапшыларды Қытайға дер кезінде жібергенде мұндай қиындыққа тап болмас едік. Қытай ашық ақпарат таратпады және оған денсаулық сақтау ұйымы тиісті деңгейде назар аудармады. Осының салдарынан әлемде өлім көбейіп кетті", - дейді АҚШ президенті.
Трамптың бұл шешімі АҚШ халқын екіге бөлді. Мұны президент сайлауына түсетін бәсекелестер де қызу талқылай бастады.
Трамптың басты қарсыласы Джо Байден сайлауда жеңіске жеткен жағдайда АҚШ-ты ұйымға қайтаратынын айтып, уәде берді.
"Менің ойымша, Америка ұйыммен бірлесіп жұмыс істесе ғана халық қауіпсіздікті сезінеді. Сайлауда жеңіске жетсем, ең бірінші қадамым ұйымға қайта оралу болмақ. Бұл біздің халықаралық аренадағы беделіміздің арттырады", - дейді ол.
Джо Байденнің сөзін құптайтындар аз емес. АҚШ-тың ұйымнан кетуі халыққа ауыр соққы болады, деген пікір айтылуда. Өйткені, Америка денсаулық сақтау саласындағы ғылыми жаңалықтардан қол үзіп қалуы мүмкін.
Дональд Трамптың бұл шешімі Денсаулық сақтау ұйымын да алаңдатты. Себебі ұйым басты демеушісінен айырылып отыр. Ұйымға түсетін қаражаттың 15 пайызы АҚШ-қа тиесілі.
Ғ.Өтемісов
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қазіргі уақытта әлемде 141 коронавирус вакцинасы әзірленіп жатқанын мәлімдеген еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1864025-aks-dniezzilik-densaulyk-saktau-jymynan-sygatynyn-resmi-trde-mlimdedi/