Коронавирусқа қарсы вакцина қашан дайын болады – вирусолог жауап берді
Жарияланған күні:
Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті Микробиология және вирусология кафедрасының доценті, медицина ғылымдарының кандидаты Толқын Бегадилова коронавирусқа қарсы вакцина шамамен қашан дайын болатынын айтып берді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Толқын Бегадилова бүгінгі таңда COVID-19 штамының вакцинасы табылмағанын атап өтті.
"ДДСҰ мәліметі бойынша 111 мемлекет, соның ішінде Қазақстан да тәжірибелік зерттеулер жасауда. 17 вакцина дайындалған клиникалық зерттеулер кезеңінен, 132 вакцина клиника алды зерттеулер кезеңінен өтіп жатыр. Қазіргі уақытта алғы шепте Қытай, Ресей, АҚШ және Германия елдері тұр. Қытайдың өзінде бес бірдей вакцина жасалып, адамдарға клиникалық зерттеулер жүргізілген, нәтижесінде вакцинаның адам денсаулығына қауіпсіз және әсерлі екені дәлелденген", – дейді Бегадилова.
Доценттің айтуынша, Қытайдан басқа, Гамалеи атындағы Ұлттық эпидемиология және микробиология зерттеу орталығының ресейлік ғалымдары клиникалық сынақтардан сәтті өткені туралы жариялаған.
"Pfizer фарминдустриясында әлемдік көшбасшысымен ынтымақтастықтағы Biotech неміс компаниясының басшысы вакцинаның осы жылдың желтоқсан айына қарай дайын болады деген пікірде. Бірақ бірнеше компания вакцинаны шығарғанның өзінде жеткілікті иммунитет қалыптасу үшін оншақты жыл уақыт қажет деген үрей бар екенін айтады. Вирусты жеңу үшін жер жүзіндегі адамдардың 90 пайызында коронавирус инфекциясына қарсы иммунитеті болуы керек", - дейді маман.
Медицина ғылымдарының кандидаты коронавирусқа қарсы вакцинаның келесі жылдың соңына қарай шығуы мүмкін екенін жеткізді.
"Нақты дайын вакцина 2021 жылдың соңына таман шығып қалуы мүмкін, ерте дайын болмайды. Өйткені бұл вакцинаны жасаумен, қорғау қабілеті мен қандай мерзімге әсерін зерттеумен ғана емес, сондай-ақ өндіруші елдердің өндірістік мүмкіндіктері және әлеуетімен де байланысты болады. Қазірдің өзінде барлық елдер үшін вакциналардың қолжетімділігі, вакциналау топтары және тағы да өзге мәселелер талқылануда", – дейді Толқын Бегадилова.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцина бірінші кезекте кімдерге егілетіні мәлім болды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1865073-koronaviruska-karsy-vakcina-kasan-dajyn-bolady---virusolog-zauap-berdi/