Ресейлік мамандар шымкенттік дәрігерлердің жұмысына қандай баға берді
Жарияланған күні:
Шымкент қаласы ақпараттық-коммуникациялық орталығында қаладағы эпидемиологиялық жағдай бойынша онлайн брифинг өтті.
Брифинг барысында Шымкент қаласы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушысы Тимур Варзилов пен Ресейден келген жоғары дәрежелі реаниматолог Денис Цветков қаладағы эпидемиологиялық ахуал төңірегінде баяндады.
Тимур Варзиловтыің мәлімдеуінше, қазірде Шымкентте эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Науқастарға қажетті медициналық көмек берілуде.
- Шымкент қаласында 2020 жылғы 20 шілде күнгі мәлімет бойынша 4453 COVID-19 жағдайы тіркелген. Өткен тәулікте 53 коронавирус жұқтырған. Жазылып шыққан науқастар саны - 2768. Жалпы бүгінгі күні қала бойынша 3860 төсек орын бар (650 - инфекциялық төсек, 3210 - провизорлық төсек), оның ішінде бос төсек-орындар саны 1809 – (284 – инфекциялық, 1525 – провизорлық төсек). Ауыр дәрежедегі науқастар үшін инфекциялық стационарларда 60 реанимациялық төсек-орын, провизорлық стационарларда 91 төсек-орын бар. Сондай-ақ қаладағы емханаларда қосымша 628 төсек-орын күндізгі стационар ұйымдастырылған. Шымкентте 2020 жылдың 1 қаңтар мен 17 шілде аралығында пневмонияның 11035 жағдайы тіркеліп, оның ішінде 8944 науқас емделді. Бұл ретте қаланың медициналық мекемелерінде бүгінгі күні 339 өкпені жасанды желдету аппараты (ИВЛ), 673 "Бобров" тыныс алу аппараттары қолданылады. Қосымша 2 ауруханада оттегі станциясын іске қосу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бір ай ішінде тағы 3 аурухана қосылады. 2020 жылғы 17 шілдедегі жағдай бойынша тесттер қоры – 12456, бір күндік 609 ПТР (полемеразды тізбекті реакция) өткізілген, - деді Т. Варзилов.
Сондай-ақ брифингте Шымкентке арнайы тәжірибе алмасу мақсатында келген жоғары дәрежелі реаниматолог Д.Цветков жергілікті дәрігерлердің коронавирусқа қарсы атқарып жатқан жұмыстарына оң бағасын берді.
- Байқағанымыз, қазіргі уақытта жергілікті дәрігерлер штатты режимде жұмыс істеп, ауруханаға түскен кез келген науқасқа сапалы медициналық көмек көрсетуде. Науқастардың станционарға келіп түскен уақытынан бастап, толық емдеу жұмыстарының жүргізілуін көріп шықтық. Бұл тұрғыда барлығы дұрыс. Шымкент қаласындағы ауруханаларда интенсивті терапияны қажет ететін ауыр жағдайдағы науқастар жансақтау бөлімінде ем алуда. Бұған қоса оларға респираторлық терапия бойынша ем жүргізіледі екен. Бұл өте жақсы. Әлемдік медицина деңгейінде қолданылып жатқан емдеу тәсілдерінің бірі жасанды желдету мен инвазиялық желдету аппаратын қолдана отырып, ауыр жағдайдағы науқасты аман алып қалу. Бұл тәсілді жергілікті мамандар жақсы меңгерген. Шымкентте науқастарға кәсіптік медицина мамандарының көмегі қолжетімді. Қала тұрғындарыгна айтарым, ауру басталған сәттен бастап, медициналық көмекке жүгініңіздер, - деді ресейлік дәрігер.
Айта кетсек, Ресейден келген медицина мамандары қаладағы бірнеше медицина ұйымдарын аралап, емдеу тактикасы бойынша жергілікті дәрігерлермен тәжірбие алмасуда. Жалпы шет елден 7 маман келген. Оның 3-еуі реаниматолог-дәрігер және 4 инфекционист.
Брифингте Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушысы Т. Варзилов бүгінгі таңда Шымкентте дәрі-дәрмек қоры жеткілікті екенін де атап өтті.
- Қалада дәрі-дәрмек құралдары мен медициналық құрал-жабдықтардың 10 ірі көтерме жеткізушісі бар. Тіркелген 730 дәріхананың 560-ы жұмыс істейді. Жалпы, соңғы 7 күн ішінде Үкімет тарапынан арнайы бөлінген 2 ұшақпен және фарм компанияларының біржолғы рұқсатымен бір ұшақ, Үндістан, Ресей, Украина, Өзбекстан елдерінен 9 жүк көлігі жеткізілді. Бір жолғы рұқсатпен 8 фарм компаниясына дәрілік заттарды қалаға әкелуге рұқсат берілді. Дәрі-дәрмектер қаланың барлық ірі жеке дәріханаларына және 13 емдеу мекемелеріне жеткізілді. Бүгінгі күні қалада дәрілік заттардың негізгі қоры жеткілікті. Оның ішінде температураны төмендететін 47500 қорап, вирусқа қарсы препараттардың 71300 қорап, 65300 антибиотик, 39658 антикогулянттар, с – 22400 витамині, 453122 жеке қорғаныс құралдары бар, - деді Т. Варзилов.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1865836-resejlik-mamandar-symkenttik-drigerlerdi-zmysyna-kandaj-baga-berdi/