Бұрынғы білім министрі Ерлан Сағадиевтің әкесі өмірден өтті (фото)
Жарияланған күні:
Ғылым саңлағы, ұлағатты ұстаз, Қазақстан Республикасының белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Кенжеғали Сағадиев 82 жасында дүние салды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы azattyq-ruhy.kz-ке сілтеме жасап.
"25 шілде күні 82 жасында академик Кенжеғали Әбенұлы Сағадиев көз жұмды. Өкінішке қарай, кең тараған ауру біздің отбасымызға да жетті. Жерлеу рәсімі тек отбасы мүшелерінің қатысуымен өтеді. Барлық қоштасу шаралары тура бір жылдан кейін, 2021 жылы 25 шілдеде өтеді", - делінген Сағадиевтер отбасы таратқан хабарламада.
Кенжеғали Әбенұлы Сағадиев 1938 жылы 18 ақпанда Қостанай облысының Жангелді ауданының Ақкөл ауылында туған.
- Ол экономика ғылымдарының докторы (1977ж.), профессор (1978ж.), Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі (1994 ж.), Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген ғылым мен техника қайраткері.
- Қазақ Ұлттық Ғылым академиясының бас ғылыми хатшысы (1990-1992ж.) және президентіне сайланды (1994-1996ж.).
- Қазақстан Республикасының Технологиялық даму жөніндегі Ұлттық агенттігінің директорлар кеңесінің Төрағасы (2012-2014ж.).
- Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің үшінші (2004-2007ж.) және төртінші (2007-2011ж.) шақырылымының депутаты болып сайланды және де Мәжілістің Қаржы және Бюджет Комитетінің төрағасы болды.
Академик Кенжеғали Сағадиев өзінің ғылыми мектебін жасады, 250-ден астам ғылыми еңбектердің, оның ішінде 20 монография мен оқулықтардың авторы.
- Ол Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы, Парасат, ІІ дәрежелі Барыс, Отан ордендерінің иегері.
KAZ.NUR.KZ ұжымы Сағадиевтер жанұясына қайғыра көңіл айтады.
Еске сала кетсек, осыған дейін қобызшы, ұстаз, дирижер, күйші, композитор Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Оразғали Сейітқазының өмірден өткенін жазған болатынбыз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1866728-bryngy-bilim-ministri-erlan-sagadievti-kesi-mirden-tti-foto/