RU

"Әйелі мен екі қызын тірідей өртеген": БҚО-да жантүршігерлік қылмысқа нүкте қойылды

Батыс Қазақстан облысы Тасқала ауданы Ақтау ауылында бұрынғы әйелі мен екі кішкентай қыздарын өртеп жіберген ер адамға қатысты сот процесі аяқталды. Сот айыпталушы Серік Кафизовке 45 миллион теңге моральдық және 3 миллион теңге материалдық шығын төлеу туралы үкім шығарып, өмір бойына бас бостандығынан айырды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы uralskweek.kz-ке сілтеме жасап.

Көрнекі фото: pixabay.com
Көрнекі фото: pixabay.com: UGC

Істі қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Бақыт Ермаханов қарады.

"Сотталушы психикалық сау адам деп танылды. Ол өмір бойы бас бостандығынан айырылды, өйткені сотта ол бұл қылмысты жоспарлағаны анықталды — алдын-ала бензин сатып алды, машинаны анасының үйіне апарып қойды, телефонның жадын тазартып, оны көлікте қалдырды. Сонымен қатар, сот үкіміне бұл қылмыстың ерекше қатыгездікпен жасалғандығы, қаза тапқандарға барынша азап шегу және сот кезінде сотталушының мінез-құлқының цинизмі әсер етті", – деп түсіндірді судья .

Белгілі болғандай, үкім әлі заңды күшіне енбеген.

Еске сала кетсек, 2020 жылдың 8 сәуірінен 9-на қараған түні Батыс Қазақстан облысы Тасқала ауданындағы жекеменшік үй отқа оранып, үш адамның мәйіті табылды. Тексеріс барысында келіншек пен кәмелетке толмаған екі қызды үйдің отағасы тірідей өртеп жібергені белгілі болды.

Сонымен қатар бұған дейін Оралда тағы бір ер адамның бұрынғы әйелі мен қызын тірідей өртеуге әрекеттенгенін хабарлаған болатынбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1867566-jeli-men-eki-kyzyn-tiridej-rtegen-bko-da-zantrsigerlik-kylmyska-nkte-kojyldy/