Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстанда балалар арасында қауіпті синдром тарап жатқаны рас па

Жарияланған күні:

бала
Көрнекі фото: pixabay.com

Елімізде балалар арасында СOVID-19-дан да қауіпті Кавасаки синдромы тарап жатыр. Белгісіз дерт ресми түрде тек үш адамнан анықталған. Осы орайда дәрігерлер сандар бұдан көп болуы мүмкін екенін жоққа шығармады. Олар Жапониядан тараған салдары қиын індеттің адамнан адамға жұқпайтынын айтып отыр. Десе де ата-аналар нені білуі керек? Бұл туралы KAZ.NUR.KZ порталы Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Кавасаки синдромын бірінші болып Жапония ғалымдары  жарты ғасыр бұрын анықтаған. Алайда індеттің бұндай үлкен масштабта таралуы алғаш рет орын алып отыр.

Телеарна таратқан ақпаратқа сәйкес, коронавирус инфекциясы белең алғалы, күншығыс елінен шыққан дертке 600-ге жуық бала шалдыққан екен. Көбісі - Еуропа, АҚШ пен Ресейде тіркеліпті. Енді бұл тізімге Қазақстан да қосылды.

"Жыл басынан бері елімізде Кавасаки синдромына шалдығудың үш жағдайы Нұр-Сұлтан, Алматы мен Петропавл қалаларында тіркелген. Балалардың жағдайы әртүрлі. Мәселен, жақында мен елорданың денсаулық сақтау басқармасының басшысымен сөйлестім. Оның айтқанына қарағанда, астанадағы баланың жағдайы тұрақталып келеді. Бірақ бұл - өте ауыр синдром", - деді денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов.

Сонымен қатар, белгісіз ауру Ақтөбе облысынан да табылған. Желіде екі баланың кавасаки синдромына шалдыққаны жайлы ақпараттар тарап, бұны аймақтағы денсаулық сақтау басқармасының өкілдері растады.

Дәрігерлер осы ауруға ұқсас симптомдары бар бүлдіршіндердің саны одан да көп дейді.

"Шын мәнінде, мұндай диагнозы бар балалар ауруханаға бұрын да түсетін.   Тек қазіргі елдегі эпид ахуалдың салдарынан бұл індетке шалдығу көрсеткіші артып отыр.   Алайда барлық балалар ақ халаттылардың бақылауында.  Бір баланың бөртпесі, екіншінің демікпесі пайда болған. Енді бірінің іші ауырып,  үздіксіз құсып жатыр.  Сондай-ақ бәрінің дене қызуы 38-ден жоғары", - деді Ақтөбе қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің медициналық бөлім бойынша орынбасары Роза Өтегенова.

Медицина қызметкерлерінің айтуынша, Кавасаки синдромын қоздыратын коронавирус қана емес. Осы ауру кез-келген инфекцияның кері әсері болуы мүмкін. Дәрігерлер аталған індеттің салдары айтарлықтай қиын, дейді. Жүрек қан ауруларына, соңы тіпті инфарктқа дейін әкелуі мүмкін екенін жоққа шығармады. Олардың сөзінше, сондықтан Кавасаки синдромын дер кезінде емдеген жөн.  

"Шырышты қабаттардың зақымдалуы, яғни аузында ойық жаралардың пайда болуы, еріндердің құрғап қанталауы, көз шырышты қабаттарының зақымдалуы, және жүйеулі түрде лимфатикалық белгілердің үлкеюі, алақан мен табанында ісіну пайда болып, олардың түстері қызғылттануы, және бөртпелер пайда болады", - деп инфекционист дәрігер Раушан Құлжабаева.

Одан бөлек, баланың іші өтіп, дене қызуы 39 градусқа дейін көтеріледі. Шетелдік тәжірибе көрсеткендей, Кавасаки синдромына көбінесе коронавируспен ауырып шыққан балалар шалдығады.

Сонымен қатар дәрігерлер Кавасаки синдромының алдын қалай алатынын жеткізді.

"Ең біріншіден әрбір баланың иммундық жүйесіне назар аудару керек. Неғұрлым баланың иммундық жүйесі жоғары болса, соғұрлым ауруды жұқтыру жиілігі де төмен болады. Және де баланың бас гигиенасы сақталуы тиіс", - деді Раушан Құлжабаева.

Естеріңізге сала кетейік, коронавирус жұқтырған тағы үш балаға Кавасаки синдромы диагнозының қойылғанын мәлімдеген еді.

Сонымен қатар бүгінгі брифингте Бағдат Қожахметов Қазақстанда коронавирустың тағы бір толқыны күтілетінін мәлім етті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1869133-kazakstanda-balalar-arasynda-kauipti-sindrom-tarap-zatkany-ras-pa/