Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Солтүстік Қазақстанда құс тұмауы өршіп, құстар жаппай қырылып жатыр

Жарияланған күні:

тауықтар 6546
Көрнекі фото: pixabay.com

Солтүстік Қазақстанда құс тұмауы өршіді. Өңірдің 7 ауданында құстардың жаппай өлуі тіркелді. СҚО-дан құс еті мен онымен байланысты өнімдерді экспорттауға тыйым салынды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ еліміздің ауыл шаруашылығы министрлігінң баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министрліктің хабарлауынша, 9-16 қыркүйек аралығында СҚО-ның 7 ауданында (Тимирязев, Тайшын, Жамбыл, Қызылжар, Шал ақын, Ғ.Мүсірепов, М.Жұмабаев аудандарында) құстың жаппай өлімі тіркелген.

Сараптама нәтижесінде өлімнің себебі жоғары патогенді құс тұмауы екені анықталды. Қазақстан бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына хабар берген.

Қазір өңірге вакцина жеткізіліп, аумақтарға дезинфекция жасалып, өлген жануарлардың мәйіттері жойылып жатыр.

Инфекцияның таралуын болдырмау үшін құс өсіруге байланысты кез-келген өнімді, оның ішінде жұмыртқаны, мамықты, қауырсынды, құстарға арналған жем мен қоспаларды, құстарды кесуге және союға арналған жабдықты экспорттауға уақытша тыйым салынды.

Жануарларды вакцинациялау үшін 800 мыңнан астам доза арнайы препарат бөлінген. Өлген малдың иелеріне өтемақы төленеді.

"Аймақтың эпизоотикалық жағдайы министрліктің бақылауында", - деді ауыл шаруашылығы министрлігі.

Еске сала кетсек, 13 қыркүйекте Солтүстік Қазақстан облысының үш ауданында үй құстарының жаппай қырылу фактілері тіркелгенін хабарлаған едік.

Қадағалау органының мәліметінше, ветеринарлық қызмет зертханалық тексеріс үшін құстың қаны мен ішкі ағзаларын алған. Сол кезде олар құстың жаппай қырылу себебін анықтау үшін Петропавл қаласына жіберілген болатын.

Сондай-ақ, биыл шілде айының аяғында Шығыс Қазақстан облысындағы Алакөлде демалушылар қырылып жатқан үйректерді байқаған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1874739-soltstik-kazakstanda-ks-tmauy-rsip-kstar-zappaj-kyrylyp-zatyr/