"Көшпенді Брэд Питт": Шетелдік БАҚ қазақ жігітінің өзгеше сымбатына тәнті болды (фото)
Жарияланған күні:
АҚШ-тың белді CNN телеарнасының ресми сайты Моңғолияда тұратын сымбатты қазақ жігіті туралы ауқымды материал жария етіп, оны "көшпенді Брэд Питтке" теңеді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.
"Қыздарды сымбатымен "есінен тандырған" Жеңісбек Серікпен таныс болыңыздар. Ол Моңғолиядағы ең шебер бүркітші", - деп мақаласын бастады шетел басылымы.
Мақала авторы Моңғолия елінде тұратын қазақ жігітінің сымбатына жергілікті тұрғындар тәнті болып жүргенін сөз еткен.
"Бізге қарай тұлпарымен құдды "Күз аңыздарынан" ("Легенды осени" фильмі - редакция ескертпесі) көшпенді Брэд Питт шауып келе жатқандай көрінді. Жұқа пиджак пен керемет тігілген шалбар киіп алған ол көздің жауын алатыны, сөзсіз. Түлкі терісінен жасалған бас киімі оған жылылық берсе, оң иығында бүркіт жайбарақат қонып отыр. Бұл бүркітті одеколон жарнамасына арналған жай реквизит деп ойламаңыз", - деп қазақ жігітін алғаш көргендегі әсерімен бөлісті мақала авторы.
Тимур есімді жергілікті гид шетел басылымына Жеңісбектің әсіресе нәзік жандылар арасында ерекше танымалдыққа ие екенін айтып берген. Оның сөзіне сенсек, "батырлығы мен сымбатына тәнті болған жергілікті қыздар оны көрсе "есінен танардай" күйге түседі" екен.
Гидтің сөзіне келіскен америкалық басылымның тілшісі қазақ жігітін Брэд Питтен бөлек америкалық актер Клинт Иствудке теңеді.
"Жақындап қарасаң, азаматтың құрғақ терісі оның желді аймақта тұратынын байқатып қояды. Десе де өткір бет әлпеті мен қысық көзі маған Клинт Иствудтің жас кезін есіме салды. Жеңісбектің есімі "темір батыр" деген мағына береді және ол жартылай көшпенді қазақ ", - деп жалғастырды мақала авторы.
Шетел азаматы қазақ жігітінің сұңғақ бойына да таң болған.
"Оның сұңғақ бойы да таң қаларлық. Сұхбат беруге келген өзге төрт бүркітшінің арасында ол бәрінен бір басқа биік болып, бірден көзге түседі. Кең иықты, шымыр денелі азаматтың бұлшықеттерін киімі одан әрі әрлей түсуде. Аты затына сай азамат ат құлағында ойнайды және көкпар жарысының бірнеше мәрте жеңімпазы атанған", - дейді шетел басылымы.
Америкалық сайттың ақпаратына сенсек, Баян-Өлгейде тұратын Жеңісбек шеберлігінің арқасында Дубайдағы жарыстардан да бой көрсетіп жүр.
26 жастағы қазақ жігіті үйленбегінен алға тартып, шетелдіктерге "бес ғашығы" барын, олардың бірі Қазақстанда, енді бірі Дубайда екенін айтып, әзілдеген.
"Ол әзілдеп айтқанына қарамастан, Тимурдың әңгімесінен кейін оның бес бірдей ғашығы барына күмәнданбайтын едім", - деп ағынан жарылды шетелдік тілші.
Жеңісбек көкпардан бөлек садақ атудың шебері екен. Сегіз қырлы, бір сырлы азамат бүркітші ретінде де танымал.
"Моңғолдар атты бағындыруымен мақтанып жүрсе, қазақтар үшін бүркітті бағындыру - мақтаныш. Әлемнің әр түкпірінен шетелдіктер бүркітшілерді тамашалау үшін ат терлетіп келіп жатады", - деп жазған басылым.
Еске салсақ, бұған дейін біз қазақтың киіз үйіне тәнті болған америкалықтар заманауи ғажайып үй тұрғызып жатқанын жазған болатынбыз.
Одан бөлек, әлемдегі беделді сән журналы домбырада ойнайтын қазақ қызына тәнті болғанын жазған едік.
Сонымен қатар, ат құлағында ойнайтын отандық каскадерлар Диснейдің "Мулан" фильмінде бой көрсеткенін де жазған болатынбыз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1876265-kspendi-bred-pitt-seteldik-bak-kazak-zigitini-zgese-symbatyna-tnti-boldy-foto/