Жазықсыз жұмыстан қуылған аралдық полицей министрден көмек сұрады (фото)
Жарияланған күні:
Қызылорда облысы Арал аудандық полиция бөлімінің бұрынғы қызметкері Нұрболат Әлнашов KAZ.NUR.KZ редакциясына хабарласып, ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтан араша сұрады.
Бұрынғы полицей өзінің жұмыстан жазықсыз қуылғанына күйінеді. Нұрболат Жұбатқанұлының айтуынша, Қызылорда облыстық Арнайы прокурорлар басқармасы өзін орынсыз кінәлі деп тауып, себепсіз жұмыстан шығарған. Қазақстанды ғана емес, бүкіл әлемді індет жайлап, халықтың жұмыссыз қалу қаупі күшейген кезде күнделікті нанынан айырылу оған қиынға соғып отыр.
"Менің есімім – Нұрболат Әлнашов. 2015 жылдан бері Ішкі істер органдарында қызмет атқардым. Күні кешеге дейін Арал аудандық полиция бөлімінде криминалдық полиция бөлімшесінің жедел уәкілі ретінде жұмыс істедім.
2020 жылдың 14 қыркүйегінде мені Қылмыстық кодекстің 146-бабы 2-бөлімі және 1-тармақшасына сәйкес Қызылорда облыстық Арнайы прокурорлар басқармасы қозғаған іс бойынша күдікті деп танып, қызметтен босатты. Бірақ өзімнің кінәм жоқ болғандықтан, керісінше, көрші ауданнан мал ұрлап келе жатқан ұрыны ұстауға көмектескендіктен маған қойылған айыппен келіспеймін", - дейді ол.
Нұрболат Әлнашовтың айтуынша, бар мәселе 2019 жылдың 26 желтоқсанында басталған. Сол күні кезекшілікте болғанында сағат 23:45 шамасында УАЗ автокөлігімен құжатсыз екі бас сиыр малын тасымалдаған Арал қаласының тұрғыны бөлімге жеткізілді. Ал артынша ол малдардың иесі ретінде аудан тұрғыны Тұрлыбек Айтжанов келді.
"Арал тұрғыны Тұрлыбек Айтжанов екі бас сиыр малын өзінікі екенін айтып, бірақ құжаттары жоқ болғандықтан ұрлық екеніне күдіктеніп, сұрастыру жұмыстарын жүргізуге бөлім ғимаратына кіргіздік. Қасымда жедел уәкілдер Н. Сағындықов пен Б. Рахметов болды. Айтжанов қызметтік бөлмеге кірген бойда бөлме ішіндегі заттарды бүлдіріп, басын жарға соғып, түсініксіз әрекеттер жасаумен болды.
Ол осыған дейін мұндай әрекеттерімен танылған болатын. Оған деректерім де бар. Сол кезде Тұрлыбек Айтжановқа араша түсіп, басқа емес, менің бұрынғы тікелей бастығым, 2019 жылы желтоқсан айының 13-і күні зейнет демалысына шыққан Байжәміл Елиупов келеді. Полиция қызметкерлері оны полиция ғимаратына кіргізген жоқ.
Содан соң ол аудандық прокуратураға Тұрлыбек Айтжановты ғимарат ішінде ұрып жатыр деп жалған ақпарат айтып, аудан прокурорының орынбасары М. Музатовты шақырып келді. Ал ол болса, қандай да бір ұру белгілерінің жоқ екенін бірден айтады", - дейді бұрынғы полицей.
Нұрболат Әлнашов күдікті Тұрлыбек Айтжановтың екі бас сиырының иесі көршілес Шалқар ауданына табылғанын айтады. Ал осыдан соң Айтжанов полиция қызметкерлері ұрып-соқты деген жалған жаламен ауруханаға жатады.
"Бір қызығы, аудан прокурорының орынбасары М. Музатов өзі келгенде Айтжановтың үстінен ешқандай ұру белгілері болмағанын айтты. Ал ол болса, жала жауып, ауруханаға жатып алды. Бұл жерде аудандық криминалды полиция бөлімінің бұрынғы басшысы Байжәміл Елиупов куә ретінде бізді ұрды деп айыптап отыр. Ол мал ұрлығымен айналысқан адамды неге қолдайды? Мүмкін, сыбайласы шығар?
Өйткені, Тұрлыбек Айтжанов бұрын да осындай қылмыстармен көзге түскен. 20 жыл бойы қылмыстың алдын алумен күрескен адамның зейнетке шыққан соң істі болған адамды қорғауы күдік тудырмай ма?
Ең өкініштісі, облыстық прокуратура шешімімен мені жұмыстан босатты. Олар Алматыдағы сот-медициналық сараптамасына сүйендік дейді. Бізге Алматы қаласына тағайындалған сот-медициналық сараптамасын тағайындау қаулысымен таныстырған жоқ.
Осыған дейін де үш рет сот-медициналық сараптама тағайындалып, ұру белгілері жоқ деген қорытындыға келген. Бар болғаны, Айтжановтың "мені полицейлер ұрып-соқты, зорламақ болды" деген ауызша дерегіне сүйеніп отыр. Бұл әділетті ме?", - дейді ашынған Нұрболат.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1878239-zazyksyz-zmystan-kuylgan-araldyk-policej-ministrden-kmek-srady-foto/