Педагогтарға біліктілік санаты үшін қосымша ақы берілмек
Жарияланған күні:
Осы жылдан бастап колледж оқытушылары біліктілік санаты үшін қосымша ақы алатын болды. Бұған дейін біліктілік санаттары үшін қосымша төлемдерді тек мектеп мұғалімдері алатын еді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ порталы Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап хабарлайды.
Техникалық және кәсіптік білім берудің 80-жылдығына арналған жиынға қатысқан Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов колледждегі оқытушылар біліктілік санаты берілгеннен кейін лауазымдық жалақысының 30-дан 50 пайызына дейін қосымша ақы алатынын мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, бұған дейін біліктілік санаттары үшін қосымша төлемдерді тек мектеп мұғалімдері алып келген екен.
Енді "Педагог мәртебесі туралы" заң қабылданғаннан кейін колледж педагогтері де біліктілік санаты берілгеннен соң ай сайын қосымша ақы алатын болады.
"2020 жылдың қаңтар айынан бастап колледж педагогтердің жалақысы артты, алдағы жылдары да арта түспек. Біліктілік санаты үшін қосымша ақы төлеу мәселесі көп жылдар бойы көтерілген болатын. Егер мектептерде мұғалімдер біліктілік санаттары үшін қосымша ақы алса, колледждерде мұндай үрдіс болған жоқ. Енді колледж оқытушылары да ай сайын лауазымдық жалақысының 30-дан 50 пайызына дейін қосымша ақы алатын болады", - деді министр.
Сонымен қатар колледж директорлары мен директор орынбасарларының атқарған жұмысының тиімділігіне байланысты өз жалақысының 100 процентіне дейін қосымша ақы алу мүмкіндігі бар.
Осы орайда, колледждерді сұранысқа ие 100 мамандық бойынша жаңғырту мақсатында "Жас маман" республикалық жобасы іске асырылып жатқаны белгілі.
"Бағдарлама еліміздің 180 колледжінде жүзеге асырыла бастады. Осы ретте тек техникалық құрал-жабдық сатып алу ғана емес, сонымен қатар білім беру бағдарламаларын жаңарту да жоспарланған", – деді министр.
Аймағамбетов мәжіліс депутаттары тобының бастамасымен енгізілген Заң жобасы қаралып жатқанын да сөз еткен.
"Егер қазір өңірлік білім басқармалары конкурс өткізіп, мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша колледждерге қанша орын берілетінін анықтаса, болашақта бұл шешімді студенттердің өздері қабылдайтын болады. Студенттер қай колледждің бәсекеге қабілетті және жақсы білім беретінін өздері таңдайды", – деді білім және ғылым министрі.
Еске салсақ, бұған дейін біз Қазақстанда коронавирус жұқтырған оқушылардың саны артып жатқанын жазған едік.
Одан бөлек, 5 қазаннан бастап Қазақстанда бірқатар шектеулер мен өзгерістер күшіне енгенін жазған болатынбыз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1878528-pedagogtarga-biliktilik-sanaty-sin-kosymsa-aky-berilmek/