Хат қалдырған: Алматы облысында 14 жасар қыз анасынан ақша ұрлап, үйден қашты
Жарияланған күні:
Алматы облысында жасөспірім қыз анасының ақшасын ұрлап, үйден қашып кеткен деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ол жалғыз өмір сүргісі келетінін айтып хат қалдырған.
11 қазанда Еңбекшіқазақ ауданы Шелек полиция бөлімінің кезекші бөліміне Шелек ауылының 39 жастағы тұрғыны 14 жасар қызының жоғалғанын айтып арызданған.
Шелек полициясының тергеушісі, полиция капитаны Баубек Ахметов істі өндіріске қабылдап, 9 қазан күні анасының қызын оқығысы келмейтіні, үй жинамағаны және үлкен қызы ретінде көмектеспегені үшін ұрғанын анықтады.
Анасына ренжіген жасөспірім 11 қазанда үйден кетіп бара жатып, анасының сөмкесінен жиһаз сатып алуға дайындап қойған 308 000 теңгесін алып, жалғыз өмір сүргісі келетіндігі туралы хат жазып қалдырған.
Үйден қашып кеткен жасөспірімнің телефоны сөндірулі болыпты. Тергеуші суретімен бірге жасөспірім киімінің сипаттамасын жасап, іздеушілерге жеке тапсырма беріп, жақын маңдағы полиция бөлімшелеріне бағыт-бағдар жіберген.
Келесі күні жедел уәкіл полиция капитаны Данияр Боланов қыздың Алтын Орда базарының жанынан екі аптаға пәтер жалдағанын анықтады. Ол пәтерден жасөспірімді таппаған. Іздестіруді жалғастырған ол Алматы қаласындағы бір саябақтан жасөспірімді тауып, одан жұмсалмаған 131 000 теңге көлеміндегі ақшаны тәркілеген.
Қызы мен ақшасын қайтарған полицияға ата-ана шын жүректен алғысын айтты. Полицейлер анасынан кешірім сұраған қызбен профилактикалық әңгіме жүргізді. Анасын ҚР ӘҚБтК 127-бабының 3-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесі шешіліп жатыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1879666-hal-kaldyrgan-almaty-oblysynda-14-zasar-kyz-anasynan-aksa-rlap-jden-kasty/