Әлеуметтік пакет енді онлайн рәсімделеді
Жарияланған күні:
Елімізде аз қамтылған отбасылардың балаларына арналған мемлекеттік көмекке кепілдендірілген пакет (КП) те кіреді. Жақын арада оны Әлеуметтік қызметтер порталы (ӘҚП) арқылы рәсімдеу мүмкін болмақ.
Кепілдендірілген әлеуметтік пакетке не кіреді, ол неден құралады және кімдерге берілетіні туралы NUR.KZ порталына ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов айтып берді.
- Ерлан Мұратұлы, пандемия және карантиндік шектеулер кезінде халықтың әлеуметтік жағынан аз қорғалған тобына қолдау көрсету өзекті тақырыптардың бірі. Барынша онлайн режимінде қызмет көрсету мәселесі де аса маңызды. Кепілдендірілген қызмет көрсетуге қатысты мәселелер қалай шешілуде?
- Бірінші кезекте, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кепілдендірілген әлеуметтік пакетті Әлеуметтік қызметтер порталына көшіру туралы тапсырмасын жүзеге асыру аясында бірқатар өңірлерде Портал арқылы азық-түлік жинақтары мен тұрмыстық химия тауарларын беру жөніндегі пилоттық жобалар басталғанын айта кеткен жөн. Одан бөлек, өңірлердегі АӘК алушыларды жоспарлы түрде сандық электрондық қолтаңбамен қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізілуде. Министрлік аз қамтылған азаматтарға, жеткізушілер мен жергілікті атқарушы органдар (ЖАО) жұмысшыларына Порталмен жұмыс істеуді үйретуді ұйымдастырды.
2021 жылы біз, біріншіден КӘП тағайындау және беру үдерісін, сол сияқты, мүгедек жандарды оңалту жабдықтарымен қамтамасыз етуді толығымен Әлеуметтік қызметтер порталына көшіруді жоспарлап отырмыз. Биыл да бұл жұмыстар сәтті жүзеге асып жатыр. Порталға көшу кепілдендірілген әлеуметтік пакетті ұсыну тәртібін жеңілдетеді деп жоспарлап отырмыз. Нақтырақ айтсақ, күрделі мемлекеттік сатып алулар жүзеге аспайды, ал алушылар жеткізушіні өздері таңдай алады.
Бұдан бөлек, КӘП қалыптастырудың анық әрі түсінікті тәртібін бекіту жоспарда бар. Ол бойынша әр өңір үшін жыл сайын жинақтар сомасы есептеледі. Аталған сомаға жеткізу құны да кіретін болады.
Тағы бір маңызды мәселе, министрлік жеткізушілерді Әлеуметтік қызметтер порталында авторизациялау тәртібін анықтап, интернет-ресурста жарияланатын оферта келісім-шартының формасын бекітуді ұсынып отыр. Жеткізуші келісім-шарт талаптарын қабылдаған жағдайда, бұл оның КӘП аясындағы азық-түлік сапасына жауапты екенін және уақытылы жеткізіп беретініне жауапкершілік алатынын білдіреді.
КӘП-ті порталға көшіру бойынша нормативті базаны қалыптастыратын заң жобасы дайын. Қазір құжат мемлекеттік органдармен келісілуде, ал оны Парламентке ұсыну 2020 жылдың қараша айына жоспарланып отыр.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі пандемия және карантиндік шектеулер кезінде балалары бар аз қамтылған отбасын қолдауға арналған қосымша шараларды енгізгеніне назар аударғым келіп отыр. Олар үшін наурыз айынан бастап төтенше жағдай мен шектеу шаралары енгізілген уақыт аралығында азық-түлік себеттерін сатып алуға арналған 2 АЕК көлеміндегі ай сайынғы ақшалай төлемдер беру шарасы енгізілген. Наурыз бен мамыр айы және шілде мен тамыз айы аралығында осы мақсаттарға бюджеттен 23,8 млрд теңге бөлініп, 200 мыңнан астам бала төлеммен қамтамасыз етілді.
- Аз қамтылған отбасылар балаларына арналған кепілдендірілген әлеуметтік пакет туралы толығырақ айтып берсеңіз. Бұл пакетке не кіреді, ол қандай қағидаттар негізінде жасалады және кімдерге беріледі?
- Кепілдендірілген әлеуметтік пакет 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жолдауын жүзеге асыру аясында атаулы әлеуметтік көмек жүйесін реформалау шеңберінде енгізілген болатын. Басты мақсаттары – АӘК жүйесінің ашықтығы, оны берудегі әділеттілік және еңбекке ынталандыру.
Егер нақты реформалар туралы айтар болсақ, олар үш негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылды. Біріншісі - көпбалалы отбасыларға жаңа мемлекеттік жәрдемақы енгізу. Нәтижесінде, қазіргі күні Қазақстандағы 394 көпбалалы отбасы кіріс мөлшеріне қарамастан, әр балаға 4 АЕК яғни 11 112 теңге көлемінде берілетін жаңа жәрдемақы алып отыр. Оның көлемі отбасыдағы бала санына байланысты болады және жоғарғы шегі жөнінен шектеу жоқ.
Екінші қадам атаулы әлеуметтік көмекті есептеу әдіснамасының өзгеруі. Қазірде АӘК әр тоқсан сайын беріледі. Оның көлемі отбасы мүшелерінің жан басына шаққандағы кірісі мен әр өңірге арналған күнкөріс минимумының 70 %-на тең болатын кедейлік шегінің айырмасына тең. Бұл орайда жұмысқа қабілетті АӘК алушыларға қойылатын талап та күшейген. Бұдан былай, олар жұмыспен қамтудың белсенді көмек көрсету шараларынан бас тартқан жағдайда, өтініш беруші ғана емес, отбасы мүшелерінің барлығы АӘК ала алмайды.
Биылғы жылдың 1 қыркүйегіндегі дерек бойынша АӘК 149 мың отбасыға тағайындалған. 776 адам қамтылған, оның ішінде 492 -сі немесе 64 % – ы балалар.
Реформалаудың үшінші бағыты - АӘК қосымша ретінде аз қамтылған отбасы балаларына кепілдендірілген әлеуметтік пакет енгізу. Бұл шараны енгізудегі басты артықшылық – балалардың жағдайын жасауға ата-ана жауапкершілігін арттыру.
Аталған пакетті енгізудің идеологиясы аз қамтылған отбасылардың балаларын олардың жас ерекшеліктеріне сәйкес табиғи қажеттіліктерін өтеу арқылы қолдау.
Бірінші кезекте, бұл – баланы үйлестірілген тағаммен жастайынан қамтамасыз ету, ал мектеп жасындағы балаларды ыстық тамақпен қамту. Сондай-ақ, әлеуметтік пакетке балаларды жеке гигиена заттарымен, оқушыларды мектеп формасымен және қаламсаппен қамту, қоғамдық көлікте тегін немесе жеңілдікпен жүру мүмкіндігімен қамтамасыз ету.
Сандарға жүгінер болсақ, биылғы жылдың 5 қазанындағы деректер бойынша кепілдендірілген әлеуметтік пакетті 129,6 мың отбасы алған. Оның ішінде мектеп жасындағы 218,4 мың бала осы әлеуметтік қолдауға қол жеткізіп отыр.
Олар көмекті тікелей орта білім беру мекемелері арқылы алуда. Әлеуметтік көмектің аталған түріне өз таңдауы бойынша мектеп формасы немесе спорттық киім беру, канцелярлық жабдықтар, оқу күндерінде мектепте бір реттік тағам алу секілді көмектер жатады. Әлеуметтік қолдаудың бұл түрлері Білім және ғылым министрлігі тарапынан да қадағаланып, әкімшілендіріледі.
Бұған қоса, оқушыларға арналған әлеуметтік пакет қоғамдық көліктегі билет құнының 50%-нан кем емес көлемде жеңілдікпен жүруді қамтиды. Бұл көмек түрін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қамтамасыз етеді.
Сонымен бірге, ол Денсаулық сақтау министрлігі желісі бойынша да жүзеге асырылады.
Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында 1 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға медициналық (алғашқы медициналық-санитарлық және кеңес беру түріндегі көмек), оның ішінде стоматологиялық көмекті қамтиды.
Ал 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан азық-түлік жинақтары және тұрмыстық химия топтамаларымен қамтамасыз етіледі. Азық-түлік ай сайын, ал тұрмыстық химия тоқсан сайын беріледі. Балаларға арналған бұл жинақтар құрамы Денсаулық сақтау министрлігінің ұсыныстары бойынша жасалған.
- КӘП-тың қазақстандық моделін жасау барысында өзге елдердің тәжірибесі қарастырылды ма? Болашақта бұл жүйе жетіліп отыра ма?
- Әлбетте, кепілдендірілген әлеуметтік пакет жүйесін зерттеу кезінде біз халықаралық тәжірибені зерттедік. Мәселен, АҚШ-та азық-түлік жинақтарын балалары бар аз қамтылған отбасыларға беру 1960 жылдардың соңынан бастап қолға алынған. 2017 жылғы деректер бойынша, мұндай жинақтарды Американың әр оныншы отбасы алған.
Ал Канадада азық-түлік жинақтарын 1981 жылдан бастап Food Banks Canada ұлттық қайырымдылық ұйымы ұсынады. Бұл елде азық-түлік жинақтары 18 жасқа дейінгі балаларға, аз қамтылған отбасылар мен мүгедектерге беріледі.
Германиядағы азық-түлік жинақтарын беру жүйесі 1993 жылы қолға алынған. Бастапқыда мұндай көмек үйі жоқ жандарға берілсе, кейіннен жүйе кіріс мөлшері аса төмен немесе кірісі мүлдем жоқ азаматтарға берілетін болып өзгерген.
Қазақстанда КӘП былтырғы жылдың соңында енгізіле бастады. Ал биылғы жылдың басында Үкімет көмек түрлері мен көлемін, сонымен бірге оны беру тәртібін бекітті.
Бұл табиғи түрдегі көмек көрсетудегі біздің алғашқы тәжірибеміз болғандықтан, кепілдендірілген әлеуметтік пакеттер жүйесі іс жүзіндегі тәжірибелер негізінде жетілдірілетін болады. Қазірдің өзінде жинақтарды тез әрі тоқтаусыз жеткізуді қамтамасыз ету шаралары қабылданып жатқанын атап өту керек. Бұл үшін бір дереккөзден мемлекеттік сатып алу және жеткізушілермен тікелей келісім-шарт жасау ұсынылып отыр.
Сонымен бірге, әлеуметтік пакет жүйесін жетілдіру жөніндегі бірқатар шаралар көп проблемаларды сараптау нәтижелері бойынша қабылданды. Алушылардың жинақтағы азық-түлікті дұрыс сақтау жөнінде және балаларға арналған тағамдар нормалары туралы жеткілікті дәрежеде ақпараттандылырмағаны негізгі себеп болып отырғаны анықталды. Мәселені шешу үшін жеткізушілердің бірінің бастамасымен кітапша түріндегі нұсқаулық жасалды. Онда берілетін азық-түлік жинақтарын сақтау ережелері жазылған.
Бұл тәжірибе зерттеліп, тұтастай ел аумағы бойынша енгізілді. Ал келесі жылдан бастап нұсқаулықтардың болуы туралы ереже министрлік бұйрығымен кепілдендірілген әлеуметтік пакет аясындағы жеткізушіге арналған міндетті шарт ретінде бекітілмек. Сонымен бірге, балаларды дұрыс тамақтандыру туралы ақпараттық үнпарақтарды тарату да жоспарлап отырмыз.
Бұдан бөлек, алдағы уақытта азық-түлік жинақтарының көлемін ұлғайту және ассортиментін кеңейту мәселесі қарастырылып жатыр. Ал кепілдендірілген әлеуметтік пакетті жүзеге асырудың үш жылдық нәтижелері бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2023 жылы жаңа реформаның тиімділігі мен оның кедейлікті азайтудағы үлесін зерттейді. Сонымен қатар қоғамдық пікірді де сараптау жоспарлап отыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1879691-kepildendirilgen-leumettik-paket-aasyndagy-azyk-tlik-zinaktaryn-kalaj-rsimdeuge-bolady/