"Мас болған": Щучинскідегі жантүршігерлік жол апатына кінәлі азамат жайлы дерек шықты
Жарияланған күні:
Щучинскіде қос полицей қаза тапқан жол апатына кінәлі азамат мас күйде болған. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Polisia.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Сот химиялық - токсикологиялық сараптама қорытындысы қызметтік көлікпен соқтығысуға жол берген Lexus автокөлігі жүргізушісі орташа дәрежеде мас күйінде болғанын растады.
Осыған байланысты, қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 346-бабы 6-бөлігі "Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік масаң күйдегі, абайсызда екі және одан да көп адамның өліміне әкеп соққан адамның көлік құралын басқаруына” ауыстырылды.
Көлікте жүргізушіден бөлек, тағы екі жолаушы мас күйде болған. Жол апаты салдарынан олар дене жарақатын алған. Қазір ауруханада жатыр.
Еске салсақ, жантүршігерлік жол апатынан 38 жастағы Қанат Отарбаев пен 33 жастағы Қанат Хамидуллин қайтыс болды. Екеуі де – полиция капитандары. Бурабай аудандық полиция бөлімінде учаскелік инспектор болып жұмыс істеген.
Қанат Отарбаевтың артында әйелі мен 2013, 2014 және 2017 жылы туған үш баласы қалды. Оның құқық қорғау органдарындағы қызметінде 2005 жылдан бастап 22 марапаты болған.
Ал полицияда 2009 жылдан бері қызмет етіп келген Қанат Хамидуллин 23 рет марапатталған. Оның артында 2013 жылы туған бір ұлы қалды, ал әйелі жүктіліктің 8-айында екені белгілі болды.
Бүгін ішкі істер министрі қаза тапқан полицейлердің жанұясына көңіл айтты.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1879885-mas-bolgan-sucinskidegi-zantrsigerlik-zol-apatyna-kinli-azamat-zajly-derek-sykty/