"Мал базарлары жабылсын": Жамбыл облысында карантин күшейтілді
Жарияланған күні:
Жамбыл облысында жаңа шектеу шаралары енгізілді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ порталы "ҚазАқпаратқа" сілтеме жасап хабарлайды.
Жамбыл облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері "Жамбыл облысының халқы арасында коронавирустық инфекция ауруының алдын алу жөніндегі шараларды одан әрі күшейту туралы" қаулы қабылдады.
Аталмыш қаулының талаптары 19 қазан сағат 00:00-ден бастап күшіне енеді. Құжатқа сәйкес, мереке және демалыс күндері жабық азық-түлік базарларының, азық-түлік сатпайтын базарлардың, сауда орталықтарының жұмыс істеуіне тыйым салынды.
Сауда орталығының ішіндегі супермаркет пен дәріханаларға ғана жұмыс істеуге рұқсат етіледі.
Одан бөлек боулинг, компьютер клубтары, букмекер кеңселері, караоке, көңіл көтеру орындары, бильярд, кинотеатрлар, балалар аттракциондарының қызметіне шектеу бар.
Тойлар, мерекелік іс-шаралар, конференциялар мен форумдар өткізуге болмайды. Мал базарлары жабылады. Адам қаза болған жағдайда жерлеу рәсіміне 30 адамнан артық қатысуға рұқсат жоқ.
Сонымен қатар, Жамбыл облысы тұрғындарына кешкі сағат 23:00 мен таңғы 06:00 аралығында жүріп-тұруға шектеу қойылды. Саябақта, көшеде бір отбасы мүшелері болмаса, жалпы үш адамнан артық топтасып жүруге тыйым салынады.
Жасы 65-тен асқан кісілердің сыртқа шығуына да шектеу қойылған. Қоғамдық тамақтану орындары таңғы 6-дан кешкі 22:00 дейін ғана жұмыс істейді. Дәмхана қонақтарының саны 50-ден аспауы тиіс.
Екі метр арақашықтық сақтау міндетті. Бетперде кию режимі бұзылмауы тиіс. Қоғамдық моншалар, сауналар алдын ала жазылу арқылы таңғы алтыдан кешкі онға дейін жұмыс істей алады. Ғимаратты 50 пайыз ғана толтырып қызмет көрсетуге рұқсат.
Еске салсақ, бұған дейін біз еліміздің тағы бір аймағында карантин күшейтілгенін жазған едік.
Одан бөлек, Қазақстанда тәулік ішінде қанша адам коронавирус жұқтырғанын жазған болатынбыз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1880120-mal-bazarlary-zabylsyn-zambyl-oblysynda-karantin-ksejtildi/