Шымкенттік төлем жүйесінің логотипі Дональд Трамптан ұрланған ба
Жарияланған күні:
Шымкентте автобустардың электронды төлем жүйесі енгізілмей жатып басы дауға қалды. Себебі, "Төлем" деп аталатын жүйенің логотипі тура Дональд Трамптың сайлауалды логотипінен айнымай қалған деп хабарлайды КТК арнасы.
Жұрт мұны ұқсастық емес, ашық плагиат деп жатыр. Сондықтан, оның дизайнын жасағандарға авторлық құқықты бұзғаны үшін айыппұл төлету керек дегендер де табылды. Ал жауапты компания "Логотипті өзіміз ойлап таптық" деп, азар-да безер. Дегенмен жұртқа ұнамаса, басқа белгімен ауыстыруға дайын екен.
Алматыдағы "Оңай" төлем жүйесіне ұқсас шымкенттік "Төлем" жүйесі апта бұрын ғана іске қосылған. Ал даулы логотип 800-ден автобустың валидаторына жапсырылған.
"Негізі бұл белгінің бастапқы нысаны белгі беретіні QR код болуы керек еді. QR код тағы да 4 Т әрпі. Сол төртеуін қосқанда ол осындай боп шықты. Әлеуметтік желілерден естіген әңгіме бойынша, бұл плагиат әлгі Трамптікіне ұқсас екен. Оны да содан біліп, қарастырсақ, иә қатты ұқсайды екен. Оған біздің қатысымыз жоқ. Ешқандай қатысымыз жоқ", - деді QazSmartTrans компаниясының директоры Сержан Ақылбеков.
Айта кетейік, жақында Барак Обама Филадельфияда сөз сөйледі. Ол Дональд Трамптың соңғы төрт жылдағы жұмысы туралы жағымсыз пікір айтып, жеке басына қатысты кінә жаудырды.
"Мен ешқашан Дональд Трамп менің көзқарасымды қабылдайды немесе менің саясатымды жалғастырады деп ойлаған емеспін, бірақ мен ел үшін оның жұмысына қызығушылық пен байсалдылық танытады деп үміттендім. Бірақ бұлай болмады. Ол жұмысқа қызығушылық танытпады немесе өзінен және достарынан басқасына көмектеспеді", – деді Обама.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1881134-symkenttik-tlem-zjesini-logotipi-donald-tramptan-rlangan-ba/