Оралдағы мейрамханалардың бірінде ауыл әкімі ұлының үйлену тойын жасаған (видео)
Жарияланған күні:
Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Ақжол ауылдық округінің әкімі Тәтжан Өтемісов мейрамханада ұлының үйлену тойын жасаған. Бұған наразы болған тұрғындар әлеуметтік желіге тойдың видеосын жариялады деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Тұрғындар той Оралдағы мейрамханалардың бірінде өткенін атап өткен.
"Жергілікті әкім ауылда той жасауға тыйым салды. Бірақ ол өзі той жасап отыр", - деді жергілікті тұрғындар.
Ал Ақжайық ауданының әкімі Қалияр Айтмұхамбетов өзінің еңбек демалысында екенін айтты. Дегенмен міндетті түрде тойға қатысты тексеріс жүргізілетінін мәлімдеген.
"Тәтжан Өтемісовте қазіргі уақытта еңбек демалысында. Ол қазір жаппай іс-шара өткізуге тыйым салынғанын өте жақсы біледі. Атқарушы органдар түсіндірме жұмыстарын жүргізуге міндетті. Бұл өрескел ережебұзушылық. 30 қазанда Ақжол аудандық округы әкімін сайлау тағайындалғанын атап өткім келеді. Өтемісов үміткерлер тізімінде жоқ", - дейді Қалияр Айтмұхамбетов.
Айта кетсек, БҚО әкімі Ғали Исқалиев қол астындағылардың карантин талаптарын сақтауын талап етуде. Жаппай іс-шара туралы хабар берген өңір тұрғындарына сыйақы беріледі.
Айта кетейік, бұған дейін Маңғыстау облысында карантин талаптарын бұзып, Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының туған күніне қатысқан мемлекеттік қызметшілердің тәртіптік жазаға тартылғаны хабарланған еді.
Сонымен қатар Қызылорда облысында аудан әкімдігінің төрт қызметкері карантин кезінде туған күн тойлағаны үшін тәртіптік жазаға тартылғанын жазған болатынбыз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1881520-oraldagy-mejramhanalardy-birinde-auyl-kimi-lyny-jlenu-tojyn-zasagan-video/