Тойдан ақша табатын әншілер, асабалар не себепті салық төлемейді
Жарияланған күні:
Қаржы министрлігіне қарасты мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Марат Сұлтанғазиев әншілер мен асабаларға табыс салығын салмаудың себебін түсіндірді деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
ОҚК өткен онлайн брифингте тілшілер жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген өнер иелеріне табыс салығын салу туралы сұрақ қойды.
"Әншілер, асабалар бар. Жалпы, жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген, бірақ табыс табатын өнер иелеріне салық төлету мәселесі қалай реттеледі? Олар тойға барады. Салық төлетуге мүмкіндік бар ма?", – деді журналистер.
Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, салық төлеу үшін алдымен салықтық тіркеуге тұру қажет.
"Біз сол тіркеуге тұрғызу бойынша жұмыс жүргіземіз. Хаттамаларды береміз, сөйтіп, тіркеуге қоямыз. Ал бүгінде ол (әншілер мен асабалар қызметі – ред.) микробизнес болғасын табыс салығынан толық босатылған", – деді Сұлтанғазиев.
Айта кетейік, өткен жылы президент микро және шағын бизнесті табыс салығынан үш жылға босатуды тапсырған болатын.
Кейінірек, Қаржы министрлігі үкімет отырысында микро және шағын бизнеспен айналысатын қандай кәсіпорындар салықтан босатылатыны туралы айтып берді.
Еске сала кетсек, елімізде ажырасқаны үшін төленетін баж салығы көбейтілуі мүмкін. Мұндай бастаманы Алматы қалалық сотының судьясы Біржан Кәрібжанов көтерген.
Ал Telegram-да мүлік пен жерге "салық төлеуді ұмытып кеткен" қазақстандық әкімдердің тізімі жарияланды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1881698-tojdan-aksa-tabatyn-nsiler-asabalar-ne-sebepti-salyk-tlemejdi/