Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Түркия, БАӘ және Мысыр пандемиямен қалай күресуде: Шетелде тұратын қазақстандықтар айтып берді

Опубликовано:

Түркиядағы турист
Көрнекі фото: atorus.ru

Түркияда, БАӘ мен Мысырда тұратын қазақстандықтар отандастарымыз үшін демалуға қолайлы елдер коронавирустың екінші толқынымен қалай күресіп жатқанын айтып берді деп хабарлайды КТК.

Нағира Тәжиева Біріккен Араб Әмірліктерінде тұрады. Бойжеткеннің сөзінше, елде қатаң карантин режимі енгізілгенде халыққа тек азық-түлік дүкендері мен дәріханалар ғана қолжетімді болған. Сыртқа тек арнайы уақытта ғана шығуға рұқсат берілген. Кешкі уақытта көшеде серуендеуге тыйым салынған, себебі бұл уақытта үйлер мен поьдъездерге залалсыздандыру жұмыстары жүргізілген.

"Сыртқа шығып, азық-түлік сатып алу үшін полициядан рұқсат алып, онлайн сұраныс тастау қажет болған", - деп еске алады Нағира.

Қазақстандықтың сөзінше, қазір жағдай тұрақталған. Дубайда ойын-сауық орталықтары, қоғамдық тамақтану орындары, кинотеатрлар ашылған. Мемлекет бұрынғы өмірге қайта оралған, тек бір ереже ғана бар: елде қатаң маска режимі енгізілген.

"Масканы үнемі тағып жүру керек. Көшеде де, орталықтарда да, таксиде де. Осы қатаң бақылауға алынған", - деді бойжеткен.

Нағира өзі жұмыс істейтін фирма қызметкерлері екі топқа бөлінгенін айтады. Бір топ кеңседе жұмыс істегенде, екінші топ қызметін қашықтан атқарады дейді ол. Ал бір аптадан кейін олардың орны алмасады.

Ал Мысырда тұратын қазақстандық Оксана Мунның сөзінше, елде эпидемиологиялық жағдай әзірге тұрақты. Бұған Мысырға тек ПТР анықтамамен кіру, жоқ болған жағдайда ұшып келген соң бірден тест тапсыру сынды ережелер әсер еткен болуы мүмкін. Мысырда да дәл БАӘ-дегідей мейрамханалар, ойын-сауық орталықтары ашық.

"Жалғыз міндетті ереже: Мейрамханаға кіргенде дене қызуын тексереді, олар түнгі сағат он екіде жабық болады. Кальян тартуға да тыйым салынған", - дейді Оксана.

Отандасымыз елде маска режимі жоқ екенін, ешкім қорғаныс қолғаптарын кимейтінін айтады.

"Супермаркеттер мен дүкендерде қолғапты былай қойғанда, маска таққан адамдарды кездестірмейсіз", - дейді Оксана.

Ал қазақстандықтар арасында танымалдылыққа ие Түркия қаласының бірі - Антальяда Вероника Соломонова тұрады.

"Әр қаладағыдай, әр елдегідей бізде де ауру жұқтырғандар бар, бірақ жағдай ушығып тұрған жоқ", - дейді ол.

Верониканың сөзінше, Түркияда маска режимін сақтамағандарға айыппұл салынады. Карантин жайлы сөз еткен қазақстандық ару шектеу шаралары кезең-кезеңімен жеңілдетіліп, алынып жатқанын да алға тартты. Түркияда кинотеатрлар мен театрлар, сауда орталықтары ашық. Қазір оқушылар дәстүрлі форматта білім алуға көшіп жатыр.

"Кейбір сыныптар арнайы бекітілген уақытта мектепке барады. Бұл мемлекеттік және жекеменшік мектептерге де қатысты. Біз бұны өте көп күттік", - дейді Вероника.

Мектептерде де маска режимі сақталады. Ал үзілістер арнайы кесте бойынша болады.

"Жалпы бізде бәрі жақсы. Бәрі ақырындап қалыпты өмірге оралып келеді", - дейді қазақстандық.

Дереккөз: КТК

Айта кетейік, бұған дейін Франция президенті Эммануэль Макрон COVID-19 індетінің рекордтық деңгейде таралуына байланысты елде жаңа карантин шаралары енгізілгенін мәлім еткен еді.

Ал елімізде өткен тәулікте коронавирус жұқтырғандар саны күрт өскен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1882057-trkia-ba-zne-mysyr-pandemiamen-kalaj-kresude-setelde-tratyn-kazakstandyktar-ajtyp-berdi/

pixel