RU

Ақтауда кішкентай қыздарға тиісіп жүрген педофил туралы ақпарат тарады

Әкесі мен қызы
Көрнекі фото: pixabay.com

Әлеуметтік желіде Ақтауда белгісіз бір ер адам кішкентай қызды тәтті беріп алдап, қақпанына түсірмек болғаны туралы ақпарат пайда болды. Аудиожазбамен бірге болжалды педофилдің фотороботы да тараған. Хабарламаға қатысты Маңғыстау облысы полиция департаменті түсініктеме берді деп жазады Lada.kz.

Қауесетте 2-шағын ауданда ер адамның жүргені айтылған. Ол кішкентай қыздарға барып, тіпті бірін шоколод әперемін деп дүкенге шақырған.

Хабарлама авторы полицияға жүгінгенін айтады. Осы жазбамен қатар қалалықтар бір-біріне болжалды қаскөйдің фотороботын да жіберген.

Өңірдегі полиция департаментінің айтуынша, тәртіп сақшыларына соңғы екі тәулікте кішкентай қызды тәтті беріп алдамақ болған ер адам туралы хабарлама түспеген.

Ведомство тараған фоторобот өздерінің деректер базасында жоқ екенін айтты. Полиция Ақтау тұрғындарынан осындай жағдайлар туындаған жағдайда жедел түрде "102" нөміріне қоңырау шалуды сұрады.

Еске сала кетсек, 4 жасар өгей қызы мен 9 жасар өгей ұлын зорлап, қинады деп айыпталған азамат 16 жылға сотталған еді. Алайда кейінірек сот істі қайта қарап, сотталушы ақталып шыққаны хабарланған болатын.

Осыдан соң ШҚО мамандандырылған аудандық соты ер адамды не себепті ақтап шығарғанын түсіндірді.

Соттың дерегінше, осы іс бойынша алқабилердің қатысуымен айыптау үкімі оқылған. Алайда қорғалушы тарап алқабилердің дауысы дұрыс саналмады, олардың басым бөлігі ақтауға дауыс берген деп есептеп шағым түсірген.

Айта кетейік, осыған дейін Байқоңырда 7 жасар қыз баланы зорлаған педофил қолға түскенін жазған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1882201-aktauda-kiskentaj-kyzdarga-tiisip-zrgen-pedofil-turaly-akparat-tarady/