Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Түрік сериалдарына киім тігіп жүрген қазақ азаматы туралы не білеміз

Жарияланған күні:

Түркиядағы қазақ
Фото: "Түркістан" басылымы

Стамбұлда жеке дүкенімен қоса, шағын зауыты бар Тұран Баһадүр есімді қандасымыз тұрады. Ол теріден киім тігіп, әшекей бұйымдар жасаумен айналысып қана қоймай, Түркия аумағында түсірілетін тарихи киноларға арнайы киім тігеді деп жазады "Түркістан" басылымы.

Тұран Баһадүрдің тіккен киімдері мен жасаған бұйымдары Түркиядан тысқары Еуропа және Батыс елдерінде де үлкен сұранысқа ие. Ол - 1949 жылы Алтай жақ­тан Пәкістанның Кашмир аумағына, со­­сын Түркияға үдере көшіп келген қа­зақ­­тардың ұрпағы.

"Бала кезімнен әкемнің әлденені жонып отыратынын көріп өскен мен мектепте оқып жүргенде қолым бос кезде тігін зауытына барып, әкеме көмектесетінмін. Мектеп бітірген соң, басқа мамандық оқу үшін университетке түспей, осы кәсіптен нәсіп табайын деп бұл іске шындап кіріс­тім. Осылайша, бүгінде жеке дүкен ашып, ұлттық нақыштағы түрлі киімдер тігіп, әртүрлі әшекей бұйымдар жасап, мұны сатумен айналысып келе жатқаныма жиырма жылдай уақыт болды", - деп бастады қандасымыз әңгімесін.

Түркиядағы қазақ
Фото: "Түркістан" басылымы

Тұранның айтуынша, шағын зауыт пен дүкен бір жер­де орналасқан. Қоластында он шақты адам жұмыс істейді екен. Кейбірі түрік, ен­ді бірі қазақтар, арасында ен­ді үйреніп жүрген жастар да бар көрінеді. "Киім ті­гуді кезінде өзім әкемнен қалай үйрен­сем, оларға да солай үйретуге барым­ды салып жүрмін" дейді ол.

Түркиядағы тарихи кино түсірушілерге де киім тігетін Тұран Баһадүр өз клиенттерімен қа­лай­­ байланыс орнатқанын айтып берді.

"Қорқыт ата" киносын түсірушілер біз жасаған өнім­ді интернеттен көріп "Бізге сіздің өніміңіз ұнады. Зауытыңызға барып, қолыңыздан шыққан киім үлгілерін көрейікші" деп хабарласты. Кейіннен киім үлгілері, әсіресе мұның сапасы ұна­ған соң, аталған киноның екінші бө­лі­міне де тапсырыс алып, ақырында кино түсірушілер тарапынан тапсырыс беретіндер күрт көбейіп кетті.

Осылайша, Direnis Karatay, Hürkuş секілді тарихи кино түсірушілер тобы хабарласып, көп­теген киім үлгісіне тапсырыс берді. Бұдан бөлек, Түркияның Алперрен Кекилли деген танымал әншісі концертіне киімді біздің зауытқа келіп, арнайы тіктіреді. Мұнымен қоса, есімі белгілі әншілер де клипіне қажетті ұлттық киімдерді біздің дүкеннен келіп, таңдап я тіктіртіп алады. Сосын Стамбулдағы бірнеше театр әкімшілігі де қойылым­дарына киім тігіп беру туралы ұсыныстар жасайды", - деп ағынан жарылды Тұран Баһадүр.

Түркия қазағының сөзінше, оған садақ атудан жарыс ұйымдастырушылар жиі тапсырыс береді. Түркиядан бөлек, Еуропа ел­дерінен де тапсырыс алып тұрады. Сондай-ақ онлайн тапсырыс беретін Канада, Австралия, Біріккен Араб Әмірлігі, Ресей және Украинадан да клиенттері бар.

Түркиядағы қазақ
Фото: "Түркістан" басылымы

Тігіншіліктен бөлек, Тұран Баһадүр Қазақ тү­рік­терінің білім алу және зерттеу қауымдастығы (KATEAD) төрағасының орын­басары қызметін атқарады.

Қауым­дастықта жалпы саны он үш адам жұ­мыс істейді. Қа­зіргі күні олар сондағы қа­зақ отбасыларындағы оқушыларды қа­жетті құрал-жабдықпен қамтамасыз ету­ге тырысып жатыр, себебі елде тұ­ратын кейбір қазақтың үйінде компьютер жоқ. Қауымдастық бүгінге дейін отыздан астам қазақтың үйіне компьютер әкеп орнатқан.

Қандасымыз осыдан екі жыл бұрын құрбан айт ме­рекесінен кейін Алматыға арнайы сая­хаттап келген. "Алғашында әуежай­дан түсіп, киелі топыраққа табаным ти­ген сәтте көзімнен қалайша жас ыт­қып шыққанын байқамай қалдым" дейді ол.

"Көп­шіліктің пікіріне құлақ асып, ең алдымен Көктөбеге көтерілдім, сосын Шым­бұлақтың баурайын араладым. Келесі күні сіздерше айтқанда "Барахолка" деп ата­латын базарлар шоғырланған жерге бар­дым.

Маған елдегі ағайынның тұр­мыс-тіршілігін сыртынан бақылау қызық болды. Дегенмен, Қазақстанда бір­де-бір туысқаным жоқ, барғанда қо­нақүйге тұрақтадым, сол себепті толығымен аралай алмадым. Шынымды айтсам, жалғыз жүру жайсыз болды. Оның үстіне сол кездері уақытым тығыз болды, ал Алматыны үш күн ішінде емес, асық­пай аралау керек екен. Алматы мен ой­лағаннан да үлкен қала болып шықты", - дейді ол.

Түркиядағы қазақ
Фото: "Түркістан" басылымы

Тұран Баһадүр келесі жылы Қазақстандағы бір-екі қаланы асықпай аралайтынын айтады.

"Көпшілігі екі ел арасы жақын екенін айтып, атажұртта бір-ақ рет болғаныма таңданып, мұның себебін сұрап жатады. Елде туыстарым болса, жиі келетін едім.

Қазақстанда ешкімді танымаймын. Дегенмен, елде еш туы­сым болмаса да, қаным қазақ болған соң, атажұртымды өз көзіммен бір рет болса да көру арманы әркез менмұндалап тұ­ратын. Сол арманымды орындау үшін жұ­мысымды ысырып тастап, тарихи Отаныма барып, бір марқайып келдім",- дейді тігінші.

Түркиядағы қазақ
Фото: "Түркістан" басылымы

Түркиядағы қандасымыз өз отанында қай қалаларға ат басын бұрғысы келетінін де жасырған жоқ.

"Бәрінен бұрын Семей өңіріне бар­ғым келеді. Әкем кезінде Шығыс Түр­кі­стан деп аталған аумақта туғанымен, атам сол Семей жақтың тумасы. Ата-ба­бам жүріп өткен, үйдегілердің бала кү­нім­­нен құлағыма құйып айтқан сол өңір­ді өз көзіммен көргім келеді. Сон­дай-ақ ел астанасы Нұр-Сұлтан шаһарын Дубай секілді әсем қала дегенді жиі естимін. Сол қаланы да асықпай аралағым ке­ліп жүр. Сосын елге барып, сары қы­мыз­ды сапырып ішіп, қалың топпен бірге Наурыз мерекесін тойлатқым келеді", - дейді Тұран Баһадүр.

Айта кетейік, соңғы мәліметтерге сай 2020 жылдың 30 қазанында түстен кейін Түркияның батысында болған жойқын жер сілкінісі салдарынан қаза тапқандар саны 76-ға жеткен.

Зардап шеккендер арасында қазақстандықтар жоқ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1882545-trik-serialdaryna-kiim-tigip-zrgen-kazak-azamaty-turaly-ne-bilemiz/