"Coursera" бірегей платформасында оқуға өтінім қабылдау мерзімі ұзартылды
Жарияланған күні:
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі және "Еңбек ресурстарын дамыту орталығы" АҚ "Coursera" ірі білім беру платформасымен тегін білім беру курстарынан өтуге өтінімдерді қабылдау мерзімін 31 қазаннан 14 желтоқсанға дейін және оқу мерзімін 31 желтоқсаннан 2021 жылғы 15 ақпанға дейін ұзарту туралы уағдаласты.
Әлемдегі ең танымал "Coursera" онлайн-оқыту платформасы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен және "Еңбек ресурстарын дамыту орталығы" АҚ-мен бірлесіп, қазақстандықтар үшін тегін онлайн-білім берудің ауқымды жобасын іске асыруда.
Жоба 31 қазанға дейінгі мерзімге есептелген, алайда жобаны ұйымдастырушылар арасында курстарға тіркелу мерзімін 2020 жылғы 14 желтоқсанға дейін және оқу мерзімін 2021 жылғы 15 ақпанға дейін өтеусіз негізде ұзарту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Дағдыларды арттыру мақсатында тегін курстар ашылған сәттен бастап, оларға 57 мың өтінім берілген, оның ішінде 24 мыңнан астам қатысушы оқытудан өтіп жатыр. Еңбекмині Халықты жұмыспен қамту департаментінен атап өткендей, "Coursera" алаңында ақысыз оқуға, әсіресе соңғы күндері көп адам тілек білдірген.
"Соңғы 3 күнде 13 мыңнан астам өтінім берілді. Бұл дегеніңіз, жалпы саннан – 23%. Барлық ниет танытушылардың тиісті мерзімде таңдаған курсында оқып, жаңа дағдыларды игергенін қалаймыз", - дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты жұмыспен қамту департаментінің директоры Найла Мұхтарова.
Оқытудың ең танымал бағыттарының ішінде ІТ-технологиялар, бизнес курстары, тілдерді оқыту, жеке және мәдени даму, өнер, әлеуметтік ғылымдар бар. Қазақстандық білім алушылар арасындағы үздік 5 курс – бұл "Teach English Now! Technology Enriched Teaching", "Programming for Everybody", "Business English: Basics", "Python-ға ену", "Жобалар мен өнімдермен жұмыс жасаудағы Agile және Scrum" болып отыр.
IT курстарының ішінде Python, бағдарламалау негіздері, Adobe Photoshop, HTML және CCS, Android, Big Data негіздері үлкен қызығушылық тудырған.
Ағылшын тілін үйрену барысында азаматтар оқыту әдістемелерін, сөйлеу және іскерлік тілді меңгеру дағдыларын арттыруды, сондай-ақ грамматиканы күшейтуді қалауда.
Сонымен қатар, қазақстандықтар кәріс тілін, жобалық менеджментті, SMM-ді, интернет-кәсіпкерлікті, суретке түсіру негіздерін, сөйлеу әдебін және басқа да танымдық курстарды оқуға айрықша назар аударуда.
Естеріңізге сала кетейік, "Coursera" білім беру платформасы әлемнің жетекші компаниялары мен университеттерінен (GOOGLE, IBM, Facebook, Stanford University, Yale University, Johns Hopkins University, Princeton University және т.б.) 4 мыңнан астам тегін курстан өтуге бірегей мүмкіндік береді.
Курстарды сәтті аяқтағаннан кейін білім алушылар сертификат алады.
Ағымдағы жылғы 14 желтоқсанға дейін https://www.enbek.kz/ru/free-coursera сілтемесі арқылы Электрондық еңбек биржасында өтінім бергендер және www.coursera.org платформасында тіркелгенін растағандар үшін "Coursera" алаңында тегін оқыту курстары 2021 жылғы 15 ақпанға дейін қолжетімді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1882720-coursera-biregej-platformasynda-okuga-tinim-kabyldau-merzimi-zartyldy/