RU

Қостанай облысында аурухана өртеніп жатыр

Аурухана өртеніп жатыр
Фото: Қостанай облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі

Қостанай облысының Федоров ауданында аурухана өртеніп жатыр деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ақпаратты облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Ксения Жилкибаева растады.

Аурухана өртеніп жатыр
Фото: Қостанай облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі
"Қостанай облысының Федоров аудандық ауруханасы өртеніп жатыр. Өрт ғимарат шатырынан басталды. Қазіргі уақытта барлық науқастар мен аурухана қызметкерлері оқшау аймаққа көшірілді. 50-ден астам пациент эвакуацияланды. Зардап шеккендер жоқ", – деді ол агенттік тілшісіне.

Өрттің нақты себебі анықталып жатыр. Оқиға орнында 6 өрт сөндіру техникасы жұмыс істеуде. Облыс орталығынан 3 арнайы техника жұмылдырылды.

Еске салсақ, кеше, 8 қараша күні кешкісін Алматының тау бөктерінде өрт шығып, оны сөндіруге отыздан астам маман жұмылдырылды.

Өрт сөндірушілер Медеу ауданының "Бұлақ" саяжай серіктестігі маңына жеткен. Бірінші келіп жеткен құтқарушылар халық қоныстанған жеке үйлерге қауіп жоқ екенін анықтапты.

Сондай-ақ, 5 қарашаға қараған түні Өскемен қаласында Ахмер кенті ауданындағы Коммунальная көшесінде екіпәтерлі үйден өрт шықты. Үйді шарпыған жалыннан қонақ бөлмедегі жиһаз, түсқағаз, төбе, үй иесінің жеке заттары мен тұрмыстық техника жанып кеткен.

Сонымен қатар, Алматыда дүкен өртеніп, дүкенге көрші тұратын 57 жастағы әйел электр жарақатымен №7 қалалық ауруханаға жеткізілді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1883793-kostanaj-oblysynda-auruhana-rtenip-zatyr/