Алматыда алаяқ әйел 80-нен астам адамды алдаған
Жарияланған күні:
Алматыда 80-нен астам адамды алдаған алаяқ әйел ұсталды деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция қызметкерлері ұзақ уақыт бойы Алматы қаласының аумағында алаяқтықпен айналысқан 1990 жылы туған азаматшаны ұстады.
"Біздің басқарманың тергеу бөлімі азаматтардың алаяқтық фактілері бойынша шағымдарының негізінде бірнеше қылмыстық істі тергеп жатыр. Күдікті Алматыға Ақмола облысынан келген. Тергеу барысында оның 2018 жылдың сәуір айынан бастап аңқау азаматтарды алдап келгені анықталды.
Ол өзінің достары мен таныстарының арасында қарыз алушылардың барлық қолжетімді несиелерін жабуға ақылы түрде көмектесемін деген аңыз таратқан. Ол жәбірленушілерден ақша алып, несие алушылардың банктер мен несиелік ұйымдар алдындағы қарызының алғашқы айларын төлеп отырған, келесі айларды төлеу оның ойында да болмаған.
Қылмыстық жолмен табылған ақша қаражаттарын алаяқ өз қажеттіліктеріне жұмсаған. Қазіргі уақытта күдіктінің заңсыз әрекеттерінен 80-нен астам азаматтың зардап шеккені анықталды. Бұл фактілер бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігімен (Алаяқтық) тергеу жүріп жатыр. Алаяқ қамауға алынды, – деді Медеу аудандық Полиция басқармасының бастығы Дәурен Өтебаев.
Тәртіп сақшылары аталған күдіктінің заңсыз әрекеттерінен зардап шеккен азаматтарға Алматы қаласы Медеу аудандық Полиция басқармасына 8 (727) 254-48-02, 8 (727) 254-48-09 немесе 8-700-379-79-09 нөмірлері арқылы хабарласуға болатынын ескертеді.
Айта кетейік, арнайы жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Алматы облысы полиция департаментінің есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері синтетикалық есірткілерді заңсыз таратумен айналысқан бір топ адамды ұстады.
Ал Петропавлдың 65 жастағы тұрғыны желі арқылы бойжеткенмен танысып, ақшасынан айырылды. Алаяқтар оның картасындағы барлық қаражатты аударып алған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1884223-almatyda-alaak-jel-80-nen-astam-adamdy-aldagan/