RU

Енесі келінін соққыға жықты: Алматы облысындағы жағдай немен аяқталды

әйел
Көрнекі фото: sputnik.kz

Талдықорғанда БАҚ пен әлеуметтік желіде қоғамдық резонанс тудырған келін мен ене арасындағы сот ісі аяқталды деп жазады Sputnik Қазақстан.

Қазан айының басында жас келіншек Талдықорған ауруханасының жансақтау бөліміне түскен. Медициналық көмек көрсетілген соң ол өзін енесі соққыға жыққанын айтып, полицияға арыз жазды.

"НеМолчи.kz" қоғамдық қорының жетекшісі Дина Таңсәрі Facеbook-те сот үкіміне наразы екенін жазды.

"17 қараша күні әкімшілік істер жөніндегі Талдықорған мамандандырылған сотында судья Мамытова М.И. әйелді әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 73-бабы 1-бөлігіне сәйкес кінәлі деп танып, ескерту түріндегі әкімшілік жаза тағайындады", - деп жазды Таңсәрі.

Қоғам белсендісі прокуратурадан бұл іске байланысты қылмыстық жаза қолдануды сұрады.

"7 қазан күні күйеуінің үйінде тұрып жатқан 1996 жылғы жәбірленушіге курьерлік қызмет қателесіп гүл әкелген. Бұдан соң курьер кешірім сұрап, гүлді алып кетіп, басқа пәтерге апарған. 1972 жылғы енесі бұл кезде мас болып, келіні ұлының көзіне шөп салды деп санаған. Соңы соққыға жығумен аяқталды.

Әйел адам келіні есінен танып қалған кезде де ұруды тоқтатпаған. Салдарынан келіні жансақтау бөліміне жеткізіліп, жасанды тыныс алдырту аппаратына қосылды. Медициналық тексеру кезінде енесі ашық түрдегі туберкулезге шалдыққаны белгілі болды. Осы уақыт бойы емделіп жатқанын ешкімге айтпаған. Келініне жұқтырды", - делінген жазбада.

Келіні туберкулез жұқтырып, емделіп жатқанын растаған.

Жәбірленуші қазір күйеуімен тұрмайды, ажырасу процесі жүріп жатыр.

"Мен еш нәрсе талап етпеймін. Мен тек әділдікті қалаймын. Егер тиісті жаза қолданылмаса, өзге әйелдер зардап шегеді. Жағдай бұдан да қиын болуы мүмкін. Азаматтық позициямды танытып, проблема туралы айтқым келеді. Пиар үшін жасап отырған жоқпын", - дейді зардап шегуші.

Сот мәліметіне сәйкес, сот актілері заңды күшіне енген жоқ. Тараптар шағым түсіре алады.

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/1885769-enesi-kelinin-sokkyga-zykty-almaty-oblysyndagy-zagdaj-nemen-aaktaldy/