Ақтөбеде баласына "бестік" баға талап етіп, мұғалімді балағаттаған ата-ана айыппұл төледі
Жарияланған күні:
Ақтөбе қаласындағы М.Арынов атындағы мектептің бес бірдей ұстазы білім саласын бақылау департаментінен көмек сұраған. Олар баласына "бестік" баға сұраған ата-ананың әрекетіне шағымданған деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Белгілі болғандай тоқсандық бақылау кезінде "бестік" бағаны талап еткен ата-ана мұғалімге қоқан-лоққы көрсеткен. Мұғалімді кемсітіп ғана қоймай, білім министрлігіне дейін шағым жазған. Дегенмен жүргізілген тексерістен кейін ата-ана шағымы негізсіз деп танылып, 80 мың теңгеден аса айыппұл төлеуге міндеттелген.
"Оқиға көктем уақытында тоқсандық бақылау кезінде басталды. Ата-ана "балам төмен баға алып қалса, сендерге көрсетемін" деп қорқытты, балағаттады. Білім министрлігіне дейін хабарласты. Шағымданушы бақылау кезінде тапсырманың өтпеген сұрақтардан болғанын айтты. Ішкі тексеріс жүргізу кезінде сұрақтың өткен тақырыптан болғандығы және баланың ол сұраққа сабақ кезінде жауап бергенін көрсеттік.
Ата-ана менің өзіме де "сумисыңдар, байғұстар" деген секілді бірталай әңгіме айтты. Мұғалімдердің барлығы 7 жылдан бастап, 20 жылға дейін еңбек өтілі бар тәжірибелі мамандар. Сондықтан жағдайды білім сапасын бақылау департаментіне хабарлап, мұғалім мәртебесін қорғауды сұрадық. Департамент ата-анаға айыппұл салды. Ата-ана бұл шешіммен келіспей, екі қорғаушы жалдап, сотқа берді. Сот айыппұл төлеуді дұрыс деп тапты. Қазір жағдай қалыпты, бала сабағына қатысып жүр", - дейді М. Арынов атындағы мектеп директоры Жасұлан Жанайдаров.
Ата-ана мектептің физика, биология, ағылшын, информатика пәнінің мұғалімдерін балағаттаған. Сөз естіген ұстаздар білім саласын бақылау департаментінен көмек сұраған.
"Бұл жағдайға қатысты үлкен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бір мектептің бірнеше мұғалімінен жазбаша шағым түсті. Ата-ана "балама "5" қоймасаңдар бұл мектепте жұмыс істей алмайсыңдар" деген секілді қорқыту әңгімелерін айтқан. WhatsApp желіcі арқылы ұстаздардың ар-намысына тиетін сөздер жазып, "қаласаң да қаламасаң да жоғары баға қоясың" деп талап қойған. Түскен шағым бойынша зерттеу жұмыстары жүргізілді, жағдай дәлелденді. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 409-бабына сай іс қозғалып, хаттама толтырылды. Ата-анаға 30 АЕК көлемінде айыппұл салынды", - дейді Ақтөбе облысының білім саласындағы бақылау департаменті басшысы Бұлбұл Күзенбаева.
Сондай-ақ ол ұстаздарды өз құқын қорғауда ешкімнен қорықпауға шақырады.
"Педагог құқының бұзылуына қатысты мектеп әкімшілігі тарапынан да жол беру фактілері болды. Ырғыз ауданының №2 мектебінде директор мұғалімге білім беру мекемесінің ішкі жұмыстарын жасатқан. Мұғалім департаменттің сенім телефонына хабарласып, жағдайды баяндады. Зерттеу жұмыстарын жүргізіп, әкімшілік іс қозғалды. Нәтижесінде мектеп басшысына ескерту берілді. Мұндай жағдай бір жыл ішінде қайталанатын болса, мектеп басшысына айыппұл салынады. Ұстаздарды қорғайтын заң бар. Сол себепті қорықпай өз құқын қорғай білу керек", - дейді Бұлбұл Күзенбаева.
Еске сала кетсек, бұған дейін Ақтөбеде 14 жастағы оқушы қуыршақ тоқып, айына 100 мың теңге табыс табатынын жазған болатынбыз.
Сонымен қатар ұстаз болып жүріп жүйке ауруына шалдыққан ақтөбелік әйел қыздарын көргісі келетінін айтқан болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1886672-aktbede-balasyna-bestik-baga-talap-etip-mgalimdi-balagattagan-ata-ana-ajyppl-tledi/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.