"Өзін партия мүшесі ретінде таныстырған": Алматыда жұртты үй алып берем деп алдаған әйел ұсталды
Жарияланған күні:
Мемлекеттік бағдарлама бойынша аз қамтылған отбасыларға үй алып беруге уәде еткен алаяқ әйел ұсталды деп хабарлайды Polisia.kz.
Басылымның мәліметінше, осы іспеттес қылмыс жасап, бұрын сотты болған 60 жастағы әйел адам өзін белгілі бір партия мүшесі ретінде таныстырып, адамдардың сеніміне кіре отырып, ірі көлемде ақша иемденіп кеткен.
"Ол өз құрбандарын таныстарының арасынан іздестірген. Ал алаяққа алданған кейбір азаматтардың әлеуметтік жағдайлары жоғары бола тұра, бағдарлама бойынша пәтер алуға ниет білдірген. Тез арада пәтерді алдын-ала кезекке қою үшін төлем жасауды ұсынған. Осылайша ол адамдардың сеніміне кіре отырып, олардан 300 мың мен 1,5 миллион теңге көлемінде ақша алған.
Алаяқ әйелдің арам пиғылына алданған кейбір азаматтар өздерінің соңғы ақшаларын ұстата салса, кейбіреулері несие алуға дейін барған. Алайда, әккі келіншек ешкімге көмектесуге ниетті емес еді. Зардап шеккендерің ешқайсысы пәтерлі болмады. Ал алаяқтық жолмен қолына түскен қаражатты әйел өз жеке мүддесіне жұмсап жіберген", – дейді Алматы қаласы Бостандық аудандық ПБ-ы жанындағы полиция бөлімінің бастығы Ғалым Қасымбаев.
Полицияның мәліметінше, қазіргі таңда күдіктінің осындай сегіз алаяқтық қылмыстарға қатыстылығы анықталған. Аталмыш факті бойынша 190-бабы 3-тармағы 4-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жалғасуда.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыда 80-нен астам адамды алдаған әйел адамның ұсталғанын, Түркістан облысында тәртіп сақшылары алаяқтық жасады деген күдікпен жергілікті тұрғынды тұтқындағанын жазған едік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1886717-zin-partia-msesi-retinde-tanystyrgan-almatyda-zrtty-j-alyp-berem-dep-aldagan-jel-staldy/