RU

Қызылорда облысында кен орнындағы өрттен үш адам қаза тапты (фото, видео)

Өрт шыққан оқиға орны
Фото: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

Қызылорда облысы Сырдария ауданында "Бектас-Қоныс" кен орнында өрт шығып, үш жұмысшы қаза болды. Бұл туралы төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

2020 жылдың 1 желтоқсанында сағат 01:34-те Сырдария ауданы, "Қызылорда-Құмкөл" тас жолының 108 шақырымында "Бектас-Қоныс" кен орнында жұмысшыларға арналған контейнер типті жатақханада 1200 шаршы метр аумақта өрт оқиғасы тіркелді. Жақын жердегі өрт сөндіру бөліміне дейінгі арақашықтық 149 шақырым.  Бұл туралы ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли хабарлады.

Жатақхананың жалпы аумағы 2500 шаршы метрді құрайды. Аумақта 100 контейнер орналасқан, оның 48-і өртенді.

Өрт сағат 06:40-та толық сөндірілді.

Өрт шыққан оқиға орны
Фото: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

Оқиға орнында 3 адамның мәйіті табылды. Алдын ала болжам бойынша  олар 1967, 1985, 1970 жылы туған жұмысшылар. Онда барлығы 30 жұмысшы тұрған. Оның 27-сі өрттен 19 шақырым  қашықтықта орналасқан асханаға орналастырылды.

"Оқиға орнына Төтенше жағдайлар департаментінің 19 қызметкері мен 3 техникасы, "ПожМонтажҚұрылыс" ЖШС мемлекеттік емес өртке қарсы қызметінің 9 жұмысшысы мен 2 техникасы, "ПетроҚазақстанҚұмкөлРесурсы" ЖШС мемлекеттік емес өртке қарсы қызметінің 3 қызметкері мен 1 техникасы шықты", – делінген ресми хабарламада.

Еске салсақ, Шығыс Қазақстан облысына қарасты Белоусовка кентінде жеке тұрғын үйден өрт шығып, нәтижесінде екі адам қаза тапты. Егде жастағы ерлі-зайыптылар жалын басқан баспанадан шыға алмай қалған.

Оған қоса, Көкшетауда бес қабатты жатақханадан өрт шығып, 40 адам эвакуацияланған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1887295-kyzylorda-oblysynda-ken-ornyndagy-rtten-s-adam-kaza-tapty-foto-video/