Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жұмбақ өлім": Оралда белгісіз жағдайда стоматологияда күйіп қалған тұрғын қайтыс болды

Опубликовано:

Тіс емдеу бөлмесі
Көрнекі фото: piqsels.com

Орал қаласында денесін күйік шалған 31 жастағы әйел есін жимастан ауруханада қайтыс болды деп хабарлайды "Мой город" порталы.

Оқиға 30 қарашада Құрылысшы шағынауданында орналасқан стоматологияда болған.

БҚО Төтенше жағдайлар департаменті Мемлекеттік өртті бақылау басқармасы бастығының міндетін атқарушы Мереке Жұмағалиевтың айтуынша, 31 жастағы әйел қалалық көпсалалы ауруханаға жеткізіліп, белгісіз жағдайда күйік шалғаны туралы ақпарат келіп түскен.

Алайда, өрт шыққаны туралы ешқандай хабарлама болмаған, өртті сөндіру қызметі де оқиға орнына бармаған.

"Оқиға орнына Орал қаласының Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері аттанды. Стоматология иесінің айтуынша, зардап шегушінің стоматология бөлмесін тазалап жатқанда белгісіз жағдайда және белгісіз заттарға күйіп қалғаны анықталды", – дейді Мереке Жұмағалиев.

БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі зардап шегушінің денесінің 80% күйік шалғанын хабарлады. Сол күні әйел жансақтау бөлімінде алған жарақаттарынан есін жимастан көз жұмған.

Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, іс бойынша бірқатар сараптамалар тағайындалған, қылмыстық кодекстің 202-бабы 2-бөлігі (Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдiру) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Еске салсақ, Шығыс Қазақстан облысына қарасты Белоусовка кентінде жеке тұрғын үйден өрт шығып, нәтижесінде екі адам қаза тапқан еді. Егде жастағы ерлі-зайыптылар жалын басқан баспанадан шыға алмай қалған.

Оған қоса, 28 қарашада Жамбыл облысы Байзақ ауданы Үлгілі ауылының маңында екі бала мұз астына түсіп кетіп, көз жұмды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1887420-zmbak-lim-oralda-belgisiz-zagdajda-stomatologiada-kjip-kalgan-trgyn-kajtys-boldy/

pixel