"Жедел жәрдемнен ұрлап кеткен": Павлодарлық тұрғын аяғы ауыр әйелді зорлады деп күдіктелуде
Жарияланған күні:
Қоғам белсенділері Павлодарда жедел жәрдем көлігінен қыздың ұрланып, артынша зорланғаны туралы мәлім етті. Қазіргі таңда аталмыш фактіге қатысты екі бап бойынша қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ өңірдегі полиция департаментіне сілтеме жасап.
Полиция департаментінің жауабында күдіктінің ұсталғаны айтылған. Қазіргі уақытта ол уақытша ұстау изоляторында. Сонымен бірге жәбірленушінің аяғы ауыр болғаны көрсетілген.
Сотқа дейінге тергеп-тексерудің деректері айтылмаған. Тек екі бап - "Зорлау" және "Бас бостандығынан айыру" бойынша қылмыстық іс қозғалғаны белгілі.
Еске сала кетсек, жедел жәрдем көлігінен қыздың ұрланғанын "НеМолчи" қорының жетекшісі айтқан еді.
Дина Таңсәрінің сөзінше, ер адам әйелді жалдамалы пәтерге апарып, түні бойы ұрып-соққан және зорлаған.
Пәтер қожайыны олардың іздестіріліп жатқанын айтып, шығарып жібергенімен, ол тағы бір пәтер жалдаған. Сол жерде әйелдің айғайын естіген көршілері тәртіп сақшыларына қоңырау шалған. Әйелді жедел жәрдем, ал ер адамды полиция алып кеткен. Дегенмен, ол үш сағаттан соң босап шыққанын алға тартқан, Дина Таңсәрі Ішкі істер министрін аталған жағдайға назар аударуды сұраған еді.
Айта кетейік, бұған дейін Қызылорда облысында оқушы қызын ауылдастары зорлағанын айтқан ана жанайқайын жеткізген еді.
Сондай-ақ, бұған дейін біз 19 жастағы мұғалімді зорлаған павлодарлыққа сот үкімі шыққанын жазған едік.
Сонымен қатар, қарағандылық азамат 60 жастағы тұрғынды зорлағаны үшін кінәлі деп танылып, айыпталушы 6,5 жылға сотталды. Сотталушының кінәсі сараптама нәтижелерін қоса алғанда, барлық дәйектер арқылы расталған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1887807-zedel-zrdemnen-rlap-ketken-pavlodarlyk-trgyn-aagy-auyr-jeldi-zorlady-dep-kdiktelude/