Алматыда дүкен сатушыларын гипноздап, ақшасын алып кетіп жүрген әйел ұсталды
Жарияланған күні:
Алматыда сауда орталығының сатушыларын гипноздап, олардың кассаларын алып кетіп жүрген әйел адам қолға түсті деп хабарлайды Polisia.kz.
Басылымның мәліметінше, Жетісу аудандық полиция басқармасына сауда үйлерінің бірінің сатушысы арызданған. Ол жұмыс орнында бейтаныс әйел кассадан қолма-қол ақшаны иемденіп кеткенін жеткізіпті.
Сотқа дейінгі тергеу жұмыстары кезінде бұның қаладағы бірінші жағдай емес екендігі анықталған.
Оқиғаның мән-жайын баяндаған Жетісу аудандық полиция басқармасының басшысы Дархан Мұсановтың айтуынша, қолға түскен 1988 жылғы әйел негізінен сауда үйлерінде жұмыс істеген.
Бейнебақылау камералары оның сауда аймағына кіріп, содан кейін дүңгіршектердің бірінде сатушымен әңгімелесе бастағанын көрсеткен.
Әңгімелесу барысында әйел сатушыны бір жерден көргенін, алдыңғысында білетінін және сол сияқты нәрселерді айта бастаған екен. Осыдан кейін әңгіме барысында гипнозды қолданып, ақшаны иемденген. Сатушының өзі бір күндік кірісті күдіктіге берген. Ал есін жиған кезде, гипнозшы жоқ болып шыққан.
"Айта кету керек, күдікті бұрын осындай әрекеттері үшін сотталған. Оған қатысты қылмыстық кодекстің 190-бабы ("Алаяқтық") бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде", – дейді Дархан Мұсанов.
Айта кетейік, бұған дейін Атырауда сырқат баланы сылтауратып, жалған хабарландыру арқылы ақша жинаған алаяқ ұсталғанын хабарлаған едік.
Сонымен қатар аз қамтылған отбасыларға мемлекеттік бағдарлама бойынша үй алып беруге уәде еткен алаяқ әйел қолға түскен болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1888698-almatyda-dkenni-satusylaryn-gipnozdap-kassalaryn-alyp-ketip-zrgen-jel-staldy/