Нұр-Сұлтанда мұғалімдер мен дәрігерлерге пәтер берілді
Жарияланған күні:
150 отбасы Қазақстан ипотекалық компаниясымен бірге жүзеге асырылып жатқан пәтерлерден баспаналы болды. Аталған бағдарлама бойынша 1 мыңға жуық пәтер беру жаспарланып отыр, 500-ден астамы берілді. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов өзінің "Instagram" парақшасында хабарлады.
"Бұл күн еліміздің 150-ден астам отбасына Тәуелсіздік күнімен қатар өз пәтерлеріне қоныстану күні ретінде де есте қалмақ! Мереке күні қала тұрғындарына пәтер кілттері табысталды. Олардың ішінде фельдшерлер, медбикелер, мұғалімдер, дәрігерлер және т. б. бар.
Аталған пәтерлер кезекте тұрғандар арасында Қазақстан ипотекалық компаниясымен бірге жүзеге асырылды. Жаңа тұрғын үй елордамыздың Алматы ауданында, жаңа вокзалдың жанында орналасқан. Жанында медициналық орталықтар, мектептер, балабақшалар бар. Бұл автономды қазандық табиғи газға қосылған алғашқы үй. Бұған дейін ҚИКпен бірлесе әлеуметтік пәтер алушылар санатын едәуір кеңейттік" , - деп жазды Көлгінов.
Оның айтуынша, осы жылы әлеуметтік пәтер алушылар тізіміне медицина қызметкерлері мен мұғалімдерден басқа әлеуметтік қызметкерлер, төтенше жағдай департаментінің, полиция департаментінің қызметкерлері, мәдениет және спорт қайраткерлері кірді.
Аталған бағдарлама бойынша 1 мыңға жуық пәтер беру жоспарланып отырса, 500-ден астамы берілді. Бүгінде құжаттама бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, аталған тұрғын үй бағдарламасы бойынша пәтерлер сатып алу құқығымен беріледі.
Сонымен қатар, елорда басшысы сөз соңында барша отандастарын Тәуелсізік күнімен құттықтады.
"Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл Қолжетімді жеңілдікті тұрғын үй құрылысының көлемі ұлғайтылды. Жыл соңына дейін халықтың әлеуметтік әлсіз топтарынан кезекте тұрғандарға арналған пәтерлердің тағы бір партиясын беруді жоспарлап отырмыз! Қолжетімді тұрғын үй құрылысына үй құрылысы комбинаттары да көмектеседі. Жақында қалада осындай екінші комбинат ашылды. Олардың артықшылығы - үйлерді салу мерзімі қысқарады және шаршы метрдің құнын төмендетуге мүмкіндік береді.
Баршаңызды Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын! 29 жыл ішінде толағай табыстарға қол жеткізілді, алайда алар асуымыз алда! Баршаңызға денсаулық, табыс және амандық тілеймін!", - деп жазды Алтай Көлгінов.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1889714-nr-sltanda-mgalimder-men-drigerlerge-pter-berildi/