Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Биыл қаржылық пирамидалардың қалтасына кеткен қаражат 8 млрд теңгеден асқан

Жарияланған күні:

Қаржы2
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Биыл қазақстандықтар қаржы пирамидаларына 8 млрд теңгеден аса қаражат құйған. Соған қарамастан ел ішінде оңай пайдаға кенелгісі келетіндер азаяр емес деп хабарлайды Астана арнасы.

"Аузы күйген" тұрғындардың бірі - алматылық Бақытжан Жүнісбеков.

Бүгінде оңай табыс болмайтынын жақсы түсінген ер адам осыдан бірнеше жыл бұрын талай адамды қақсатқан қаржы пирамидасына 1000 еуро салыпты.

Ал алданғанын білгенде сан соққан. Енді шетелдік алаяқтар қаражатты қайтарады, олар жауапсыз қалмайды дегенге мүлде сенбейді.

"Арыз жазайық десек ол компаниялар Қазақстанда тіркелмеген шетелдік компания, бас кеңсесі Украинада екен. Кейін олар қайтарып береміз деп уәде берген болды. Бірақ әлі күнге дейін бір тиын бермеді", - дейді Алматы қаласының тұрғыны Бақытжан Жүнісбеков.

Аталмыш компанияға біздің елден мыңнан аса тұрғын алданып, 1 миллиард теңге аударып жіберген. Бұл - алаяқтық фактінің бір ғана көрінісі.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта қаржы пирамидасынан зардап шеккендердің саны 40 мыңнан асып жығылады. Желге ұшқан қаражаттың көлемі 8 млрд 300 миллион теңгеден асқан.

Қаржыгерлер пирамиданың бірнеше айқын белгілеріне мән беруге шақырады. Күмәнді мекемелерге қаражат аударғанда сақ болу керектігін ескертеді.  

"Қаржылық пирамида өкілдері аз уақытта көп ақша береміз деп сенімді түрде айтады. Ешқандай қауіп-қатер туралы сөз болмайды. Олардың ұсынатын пайыздық үстемақылары да тым жоғары. Өзіңнен кейін адам тіркелсе, одан көп ақша аласың деп те уәде береді. Дәл осы белгілерге қарап, сақ болу керек", - дейді еліміздің қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бас маманы Дмитрий Акмаев.

Телеарнаның мәліметінше, алаяқтар қазір инвестициялық немесе тұрғын үй кооперативтерін құру арқылы баспанаға ауыз салған. Тіпті желілік маркетинг, туристтік клубтар ашып та азаматтардың қомақты қаражатын иемденіп жүр.

Сонымен қатар желілік маркетингті де желеу етіп, жұртты алдап соғатындар кездесетін көрінеді.

Осы орайда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі алаяқтардың қақпанына түспеу үшін үш нәрседен қашық болуды айтады. Олар:
  • Өте жоғары пайыздық табыс;
  • Алғашқы жарна салу;
  • Артынан адам жинау.

А. Кемелжан

Еске сала кетейік, бұған дейін шетел азаматтары Қазақстанда қаржы пирамидасын ұйымдастырды деген күдікпен ұсталғанын хабарлаған едік.

Сонымен қатар Алматыда "B2B Jewelry" қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларға қатысты тергеу жалғасып жатқанын жазған болатынбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1889742-biyl-karzylyk-piramidalardy-kaltasyna-ketken-karazat-8-mlrd-tegeden-askan/