RU

Ашушаң азамат жанжал кезінде бойжеткенді бесінші қабаттан лақтырып жіберді

Зорлық-зомбылық
Көрнекі фото: NUR.KZ / Петр Карандашов

Ресейде 27 жастағы бойжеткенмен жанжалдасқан ер адам оны бесінші қабаттан лақтырып жіберді деп хабарлайды ren.tv.

Оқиға 19 желтоқсан күні күндізгі уақытта Санкт-Петербургтің Красногвардейский ауданындағы Ленская көшесіндегі үйлердің бірінде болған.

27 жастағы жәбірленуші 41 жастағы Санкт-Петербург тұрғынына қонаққа келген, олар бірге ішімдік ішкен.

Кенет араларында жанжал туындап, ер адам алдымен бойжеткенді соққыға жығып, содан кейін бесінші қабаттың балконынан лақтырып жіберген.

Ол аман қалғанымен, көптеген ауыр жарақаттар алып, емханаға түскен.

Бойжеткен ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген. Зардап шегуші жабық бас-ми жарақатын алып, жағы мен кеудесі сынған, сондай-ақ омыртқасы мен жамбас сүйектерінің сынғаны туралы диагноз қойылған.

Одан бөлек, бойжеткен ішінен жарақат алып, бүйрек үсті безі ажырап кеткен.

Ал ер адам мас күйінде қамауға алынған. Бұған дейін ол тәртіп сақшыларының назарына 10 рет түсіп, 7 рет сотталғаны белгілі болды. Соңғы рет 41 жастағы ер адам өзгенің өміріне қауіп төндіргені үшін 2018 жылы бас бостандығынан айырылған.

Аталмыш факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ер адамға қатысты бұлтартпау шарасын қолдану мәселесі қарастырылып жатыр.

Еске сала кетейік, бұған дейін Мәскеуде әйел адам танысының емшектегі баласын 13-қабаттан лақтырып жіберді деп күдіктеліп жатқанын жазған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1890098-asusa-azamat-zanzal-kezinde-bojzetkendi-besinsi-kabattan-laktyryp-ziberdi/