Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Айжан Жүзбай: Бізге бабалардан қалған эко әдістерді қайта жаңғырту керек

Жарияланған күні:

Айжан
Фото: Aizhan Zhuzbay Page / facebook

Тәуелсіздік – Қазақстанның ең бағалы байлықтарының бірі. Бұл күнге жету үшін ата-бабамыз талай қиын-қыстау кезеңдерді артқа тастады. Бүгінде Тәуелсіздіктің қадірін жете түсіне алдық па? Оның маңызы неде және қоғамдық пікірді қалыптастырудағы үлесі қандай?

«Қазақстанның қоғамдық даму институты» ұйымдастырған «Азаматтық алаң» отырысында қазақстандық сарапшылар мен пікір көшбасшылары өз ойларын ортаға салып, бүгінге дейін өзектілігін жоғалтпаған тақырып төңірегінде әңгіме өрбітті. Отырысқа қатысып, өз ойын ашық айтқандар қатарында «Жүзбай дизайн» ЖШС басшысы, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Айжан Жүзбай да бар.

Айжан Жүзбай Түркістан облысының Арыс қаласында дүниеге келген. Бес жасында ата-анасының қызмет бабына байланысты Қарағанды қаласына көшіп, сол жақтағы Жамбыл Жабаев атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатты тәмамдайды. Кейін қаладағы колледждердің бірінде білім алған ол өз саласын жетік білу мақсатында Қытай Халық Республикасының астанасы Бейжің қаласына аттанады.

«Қытайда он жылдай өмір сүріп, бар уақытымды білім алуға жұмсадым. Бүгінде сол білімім еліміздегі сән технологиясын дамытуға үлес қосып жатыр деп айта аламын. Бейжің қаласында технологиялар және сән дизайны мамандығын бес жыл оқысам, тоқыма өндірісі және инженериясы бойынша үш жыл магистратурада білім алдым.

Менің шетелде алаңсыз білім алып, өз елімнің дамуына үлес қосқаным да Тәуелсіздіктің жемісі екенін ұмытпауымыз керек. Бүгінге дейін бүкіл әлем Қазақстанды тек шикізат көзі деп білді. Енді біз талантты және шығармашыл жастар арқылы еліміздің атын әлемге танытуымыз қажет», - дейді Айжан.

Айжанның бейнелеу өнері және дизайн бойынша мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығын тұңғыш болып иеленгенін де айта кету керек. Бүгінде ол жаңа ағым мен жаңа бастамалар бойынша жұмыс істеп, ата-бабаларымыз бірнеше ғасыр бұрын қалыптастырып кеткен эко өндірісті қайта жаңғыртпақшы.

«Бүгінде біз үлкен идеялармен жұмыс істеп жатырмыз. 2019 жылы Қазақ сән және технологиялар инситутын аштық. Бұл институтты құру барысында өзім білім алған Қытайдағы оқу орнынынң пайдасы тиді. Олар барлық оқу бағдарламасымен бөлісіп, тері-тоқыма технологияларын енгізудегі озық үлгілерді ұсынуда. Екінші бастамамыз – Қазақ сән және мата-тоқыма музейі.

Бұл музейдің де еліміздегі сән технологиясын дамытудағы рөлі ерекше болмақ. Ал үшнші жетістігіміз – былғары мен жүн өңдейтін зауыт ашу. Бұл бізге көне көшпенділер технологиясын жаңғырту үшін аса қажет. Институт пен музей жаңаша білім мен ақпарат беріп, жаңаша көзқарас орнату үшін жұмыс істейді. Көшпенділер технологиясы болса, араға талай уақыт салып бізге қайта оралмақшы», - дейді ол.

Бүгінде Айжан Жүзбай көшпенділер технологиясы бойынша эко ағымын қайта қолданысқа енгізіп, ата-бабаларымыздың табиғатқа еш зиянын тигізбеген әдісін жаңа заманға қайта бейімдемекші.

«Біз жаңашылдыққа ілесу кезінде ескі дәстүрлерді де ескеруіміз керек. Әсіресе, эко ағымын одан әрі жетілдіріп, таза былғары өнімдерін пайдалануды жолға қойғанымыз дұрыс. Біріншіден – эко әдісін біздің ата-бабаларымыз бағзы заманда меңгеріп, ұрпаққа мұра ретінде қалдырып кетті.

Екіншіден – бұл әдіс арқылы біз қазіргідей өндіріс заманында табиғатқа зиян келтірмей жұмыс істей аламыз. Бүгінде қазақтың ерте заманнан келе жатқа тері илеу технологиясын әлемге әйгілі сән үйлері сәтті пайдаланып отыр. Сіз бен біз жақсы білетін әлемдік маркалардың былғары бұйымдарын, әсіресе, сөмкелерін ұзақ қолданатыныңыз анық. Бұл әдіс шетелге қалай барды? Әрине, Қазақстаннан Қытайға, Үндістанға, Түркиға, Германияға, Францияға қоныс аударған ата-бабаларымызбен бірге ілесіп барды. Бүгінде біз тұтынатын былғары бұйымдарын әлемдік сән үйлері ата-бабаларымыздан қалған әдіспен өңдеп, нарыққа шығарып отыр», - дейді Айжан.

Айжан Жүзбай қазіргі жастар мен замандастарына эко өнімнің пайдасын кеңірек түсіндірді.

«Экологиялық таза бұйым дегенді біз соңғы он жылда жиі ести бастадық. Бұл баяғыдан келе жатқан әдіс. Бізге мұны қайта жаңғыртып, кеңінен қолданысқа енгізу ғана қалды Мәселен, экобылғарыдан жасалған етікті сіз әрі кетсе бір жарым жыл киесіз. Кейін ол қоқысқа кетеді де, 50-55 жылға дейін өз зиянын жоғалтпайды. Қоршаған ортаға үлкен қауіп төндіреді.

Ал таза былғары бұйымын сіз он жылға дейін алаңсыз пайдаланасыз. Кейін бұл қоқысқа кеткенде оның зияны бес-алты жыл ішінде жойылып кетеді. Ата-бабамыз табиғатқа зиян келтірмейтін заттарды ғасырлар бұрын ойлап тапқан. Төрт түліктің етін жеп, терісін киім еткен. Яғни, қалдық қалдырмаған. Ал бүгінде эко деп жүрген заттардың көбі таза емес. Сондықтан, ескі мен жаңаны ұштастырып, бізге халықаралық сахнаға жаңа бағыттағы сапалы өнімдердішығару қажет», - деп сөзін қорытындылады ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1890266-ajzan-zzbaj-bizge-babalardan-kalgan-eko-disterdi-kajta-zagyrtu-kerek/