Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматыдағы ІІМ академиясында курсант өлі күйінде табылды

Опубликовано:

Саламат Өтегенов
Саламат Өтегенов. Фото: uralskweek.kz

13 желтоқсанда 19 жастағы Саламат Өтегенов Алматыдағы ішкі істер академиясының ас ішу бөлмесінің қосалқы бөлмелерінің бірінен табылды. Оқиға орнына келген дәрігерлер 3 курс студентін құтқара алмаған. Өлімнің себебі өз-өзіне қол жұмсау. Жас жігіттің туыстары оның сол күні ірі көлемде ақша сұрағанын айтты. Академия бұл оқиғаға қатысты пікір білдірді деп хабарлайды "Уральская неделя".

Саламат Өтегенов Алматыға Батыс Қазақстан облысынан оқуға келген.

Қайғылы күнді есіне алған ата-анасы 13 желтоқсанда білім беру мекемесінен қоңырау түсіп, ұлдарының қайтыс болғаны туралы қаралы хабар жеткенін айтады.

Оқиғадан екі күн өткеннен кейін оның сүйегі жақындарына жеткізіліп, 16 желтоқсанда өзінің туған жері Ақжайық ауданы Шабдаржапта жерленген.

Саламаттың анасы Бекзат Иманғалиева ұлын шарасыз жағдайға итермелеген немесе өлтірген деп санайды.

Оның сөзінше, Саламат 10-шы сыныпта оқып жүргенде ішкі істер министрлігінің Алматы академиясында бағдарламалау, технология және радиобайланысқа қатысты техникалық факультет ашылғанын біліп, сонда оқуға түсуге шешім қабылдайды. Қажетті балл жинап, грантқа оқуға түседі.

Бекзат Иманғалиеваның айтуынша, оның баласы әрдайым сабырлы болған, әлдекіммен жанжалдасатындай бала емес.

Оқудың бірінші жылы-ақ курсанттардың ата-аналарына арналған WhatsApp чатына 50 мың теңгеден өткізу керек екендігі туралы ақпарат келді дейді әйел адам.

Содан кейін олар ақшаның не үшін керегін білмей, аң-таң болған. Сөйтсе, қаражат казарманы жабдықтауға керек екен.

Содан кейін Саламат ата-анасынан қар күрейтін күректер сатып алуға және басқа шығындарға ақша сұрай бастапты. Уақыт өте ірі көлемде ақша сұрай берген. Қысқы сессиядан өту үшін жігітке 80 мың теңге қажет болған. Ата-анасы оны да салып жіберген.

Саламат Өтегенов пен анасы
Саламат анасымен. Фото: uralskweek.kz

"Әрине, ол кезде мен қатты ашуландым. Қит етсе, ақша төлей береміз бе? Содан кейін ол маған хабарлама жазды: "Анашым, осы әңгіме арамызда қалсын. Өтінемін, ашуланбаңыз, шағымданбаңыз. Егер ашуланып, шағымдана бастасаңыз, "туыстарыңа айтып қойыпсың, анаң шу көтеріп жатыр" деп бетіме басып, мені бұл жүйеден "төмендетіп" тастайды", деді ұлым", – деп еске алды анасы.

Әйел адамның айтуынша, келесі сессия үшін 120 мың теңге төлеуі керек болған. Содан кейін ата-анасы Саламаттың жедел несие жүйесі арқылы несие алғанын біліп, оны да төлеп береді.

Төтенше жағдай режимі кезінде курсанттарды үйлеріне жіберу туралы шешім қабылданады. Осы жылдың шілде айында Самат далалық оқу-жаттығуларына барады, содан кейін туған ауылына оралады, жаздың аяғында оны тікелей оқуға шақырған.

Бекзат Иманғалиеваның сөзінше, баласының сол кезде Алматыға барғысы келмейтінін байқаған. Бірақ академиядан кету оңай емес, дейді марқұмның анасы. Оқудан шығу үшін оқудың әр айы үшін 100 мың теңге төлеу қажет болған. Саламат оқыған екі жарым курсты өтеу үшін шамамен 2 миллион теңге төлеуі керек еді.

Саламат Өтегенов пен анасы
Саламат анасымен. Фото: uralskweek.kz

Саламат Алматыға барып, өзін білім беру мекемесінен шығару туралы мәселені талқылауды ұйғарды, бірақ кейінірек туыстарына сонда қалатынын айтады.

Ол қайтадан ақша сұрай бастайды. Егер бұрын 10 мың теңгенің айналасында болса, кейін сұрайтыны 100 мың теңгеге жеткен.

Қайтыс болар алдындағы соңғы 3 айда Саламат әдеттегіден жиі-жиі ақша сұраған.

"Мен оған бір күні хат жазып, ірі көлемде ақша не үшін қажет екенін сұрадым. Ол маған: "Анашым, егер маған кешке 100 мың салып жібермесеңіз, онда таңертең мен 200 мың қарыз боламын", – деп жауап берді. Басында одан біреу ақша бопсалап жүр деп ойламадым, алайда 100 мың теңгені тауып бердім. Бірақ біраз уақыт өткен соң, ол менен 200 мың теңге сұрады. Сол уақытта менің шыдамым таусылды да, ендігі әрі ақша жібермейтінімді айттым", – дейді марқұмның анасы.

Күндердің бір күні ата-анасының шыдамы таусылып, ұлын алып кету үшін Алматыға баруға қамданады. Бірақ үлгермей қалған. Бозбала өмірінің соңғы күні ағасына: "Егер қазір маған ақша аудармасаңыз, онда мен қолсыз қалуым немесе аяғымнан айырылуым мүмкін", – деп жазған.

13 желтоқсан күні кешке отбасына баласының өлім туралы хабар келеді. Жас жігіт сол күні таңғы сағат 11-ден бастап үлкен ағасына 17.00-ге дейін 300 мың теңге жіберуін сұрап, хабарлама жазған. Алайда, хат дер кезінде оқылмаған. Соңғы хабарламасында жас жігіт: "Мен кеттім", деп жазған.

Алматы ІІМ академиясы басылымға 13 желтоқсанда курсант Саламат Өтегеновтің өлі күйінде табылғанын растаған.

"Аталған факті бойынша Алматы қаласы полиция департаментінің ішкі қауіпсіздік басқармасы қылмыстық кодекстің 105-бабы, 1-бөлігі (Өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Сонымен қатар қызметтік тергеу барысында академия қызметкерлері мен курсанттары тарапынан заңсыз іс-әрекеттер фактісі анықталмады", – делінген академияның редакцияға берген жауабында.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1890564-almatydagy-iim-akademiasynda-kursant-li-kjinde-tabyldy/

pixel